|
30.01.2017 | 09:41
1695

Алматы облысында қара жамылған отбасы әділдікке қол жеткізе алмай жүр

Алматы облысында қара жамылған отбасы әділдікке қол жеткізе алмай жүр. Олар былтыр күзде аналарын көлікпен қаққан күдікті ешқандай жазаға тартылмады деп отыр. Зейнеткерді жер жастандырған жігіт қазір бостандықта, бәз қалпынша көлік басқарып жүрген көрінеді. Қайғыдан қан жұтқан тарап, құзырлы орын өкілдеріне бірнеше рет шағымданыпты. Алайда, тергеушілер белгісіз себептермен қылмыстық істі тоқтатып тастаған. Ал амалы таусылған марқұмның туыстары - енді тілшілерден араша сұрап отыр. 

Бұл суреттер жол апаты болған кезде түсірілген. Жоғарғы жылдамдықта жүйіткіген көлік, жолдан өтіп бара жатқан зейнеткерді қағып кетеді. Қатты соққыдан 64 жастағы Гүлдари Әбілқайыр оқиға орнында жан тапсырған. Дәрігерлер марқұмға араша түсе алмады. Ал, көлік тізгіндеген күдікті өз кінәсін мойындаудан үзілді-кесілді бас тартқан.

«Жайттың жай-жапсарын анықтауға аудандық тергеушілер кіріседі. Бірақ, іс  барысымен жәбірленуші тарапты мүлде таныстырмапты. Арада 3 ай өткенде ғана, марқұмның жақындары күдіктінің рақымшылыққа ілігіп кеткенін естиді. Жалтарумен жүрген жауаптылар қара жамылған отбасын жандарына еш жуытпаған. Дәйек заттарды да іске тіркемепті. Сондықтан, қайғыдан қан жұтқан тарап - тергеушілер бармақ басты, көз қыстыға барды деп отыр»,- деді Заңды өкілАлпысбай ӘБІЛҚАЙЫРОВ.

«Жол апаты - төңіректегі дүкендердің бірінде тұрған бейнекамераға түсіп қалған. Ал, сараптама мамандары оны есепке алмапты. Адам қаққан адам болса, қазір бостандықта тайраңдап жүрген көрінеді. Айып тұрағына қойылған көлігін де көп ұзамай шығарып алған»,- деді Марқұмның қызы, Индира ӨСІМБАЕВА.

Амалы таусылған отбасы - тілшілерден араша сұрады.

«Мәселенің анық-қанығын білмекке, аудандық ішкі істер басқармасына бардық. Бірақ ондағылар тіл қатудан бас тартты. Тек, басшылық рұқсатымен ғана жауап береміз деумен болды»,- деді Марқұмның қызы, Индира ӨСІМБАЕВА.

Әділдікке қол жеткізе алмай жүрген тарап, енді жоғарғы сотқа арызданамыз деп отыр. Олардан қайран болмаса, халықаралық ұйымдардың көмегіне жүгінуден тартынбақ емес.

Дастан Сейілханұлы, «Алматы» телеарнасы      



Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

Прямой эфир