|
11.08.2017 | 09:40
1781

Алматы түбінде ұшақ апатқа ұшырады

Алматы түбінде тағы бір ұшақ апатқа ұшырады. Оқыс оқиға таңғы уақытта  Үшқоңыр ауылы маңында болған. Кенеттен төменге құлдилаған әуе кемесі ізінше түгі қалмай өртеніп кетті. Салдарынан тізгінде отырған ұшқыш пен жас курсант қаза тапты. Олар оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізу үшін әуеге көтерілген екен. Айта кету керек, ұшақ жер үйлер шоғырланған аумаққа құлағанын. Абырой болғанда, ауыл тұрғындары дін-аман. Қазір осы апаттың анық-қанығын арнайы құрылған комиссия анықтап жатыр.          

Үшқоңыр ауылындағы Жайық көшесінің тұрғындарының таң сәріден зәре құты қашты. Таңғы сағат 10-дар шамасында үй маңынан 100 метр жерге ұшақ құлап, маңайды қара түтін торлапты. Тұрғындар жеткенше, қызыл жалын әуе кемесінің күлін көкке ұшырған.

«Мен терезенің пердесін ашып жатыр едім, ұшақ мына жақтан келді. Қатты жақын ұшты, мен не болар екен деп ойлап үлгермедім, ұшақ осы маңға құлады да қап-қара түтін шықты. Мен мына үйлердің жартысы болса да кетті деп ойладым. Бірден ТЖД-ге звондадым», - деді облыс тұрғыны Шұғыла ЫСҚАҚОВА.  

Апатқа ұшыраған «Технам 2002» әуе кемесі Азаматтық авиация академиясына тиесілі екен. Әдеттегідей осы маңдағы Азем аэродромынан 2 шақырым жерде оқу-жаттығу тапсырмасын орындауға шыққан. Алайда, кенеттен ұшақ жерге құлап, діттеген жеріне жете алмады. Белгілі болғандай, ұшақ тізгігінінде 40 жастағы ұшқыш инструктор отырған. Ол Украин азаматы екен. Ал оның қасындағы курсант Алматының 21 жастағы тұрғыны Айдар Әбішев еді. Ұшқыштар әулетінен шығып, өзі де мықты ұшқыш болуды арман еткен жас жігіттің айтып келмеген апат өмірін жалмады. Өкініштісі сол - жас жігіттің артында аяғы ауыр келіншегі қалыпты.

Апатқа ұшыраған ұшақтан бар қалғаны осы. Әуе көлігінің ішінде отырған екі адам да түгі қалмай жанып кеткен. Олардың денесін қазір Алматыдағы мәйітханаға сараптама жасау үшін алып кетті. Ал жергілікті тұрғындардың айтуынша, ұшақтың құлауына таңертең соққан жел себеп болған.

«Ұшақ мына жерден жылдамдықты алып, биікке көтерілген, содан кейін бірнеше секундттың ішінде ұшақты жел ме, бірдеме алды да итеріп жіберген ғой. Ұшақ ана жерге барып құлады», - деді облыс тұрғыны Сұлтан ҚАСЫМӘЛИЕВ.

Апат болған жерді құзырлылар қоршауға алып, күні бойы ұзақ тексеріс жасады. «Технам 2002» ұшағында қара жәшік жоқ екен. Тек видеотіркегіш болыпты. Оның өзі қатты соққыдан қирап қалған. Десе де, тергеушілер оны сараптама жасауға алып кетті. Ал ұшақтың неден құлағанын тексеру үшін арнайы комиссия құрылды. Олар сараптама нәтижесін тек 1 айдан соң ғана жарияламақ.

«Алдын ала болжам бойынша, ұшақ ұшқан кезде аздап құйын тұрған. Сол ұшақты иіріп әкеткен болуы мүмкін. Жалпы ол кезде ешқандай төтенше жағдай болмаған. Ауа райы қолайлы болды. Әзірге апаттың нақты себебін айта алмаймыз», - деді ҚР Инвестициялар және даму министрлігі департаментінің директоры Жәнібек ТАЙЖАНОВ.  

Әуе апаты онсызда жандарын шүберекке түйіп отырған Үшқоңыр ауылы тұрғындарының зәре-құтын қашырды. Олар осыдан екі жыл бұрын ауыл маңында Азем аэродром пайда болғалы мазамыз қашты, дейді. Айтуларынша, ұшақтар таңғы 6-дан кешке дейін араға 5 минут салып ұшып, тұрғындарға тыным бермейді екен.

"Өзіміз есіктің алдында отырғанда қорқамыз қазір үстімізге түсып кете ме деп. Өйткені, көрініп тұрады мамандар емес адамдардың ұшырып жатқаны. Өте төмен ұшады», - деді  облыс тұрғыны Дариға ЖАНҒАБЫЛОВА.  

«Күнде мына жерден ұшқан соң, қорқамыз. Балаларды ұйықтатқан кезде де терезені жауып қоямыз. Өйткені, даусы жаман. Үйдің төбесінен ұшады», - деді облыс тұрғыны Әлия БАЙМУРЗИНА.

«Өйтіп ұшырмаса екен. Халық көп қой мұнда, балалар жүреді, үйлер көп. Адам жоқ жерге барып ұшырса, ешқандай зияны жоқ», - деді облыс тұрғыны Нұрдәулет ҚАЛЫМБЕТОВ.

Апаттан қауіптенген тұрғындар, базынасын айтып жергілікті әкімдікке талай арыз да жазыпты. Тіпті ауыл халқы қолдарын да жинап берген. Алайда, олардың жанайқайын естір адам табылмады. Әуе апаты жоғарыдағыларға сабақ болса дейді олар.

Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир