|
17.05.2017 | 10:53
2111

Алматыда 2000-ға жуық әке баласына алимент төлеуден жалтарып жүр

Алматыда 2000-ға жуық әке баласына алимент төлеуден жалтарып жүр. Соттың шешімін орындамаған 100-ден аса борышкерге әкімшілік жаза қолданылыпты. Өкініштісі бұл іс те нәтиже бермей отыр. Оған көнбеген 3 әкенің үстінен қылмыстық іс қозғалыпты. Туған перзентіне ақы төлемегені үшін тіпті 3 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

2 баланың анасы Наталья Омельчинко күйеуімен ажырасқанына 13 жылдан асқан. 5 жылдай азаматтық некеде тұрыпты. Ал күйеуі 2-ші қызына ауыр аяқ кезінде тастап кеткен. Ол кезде алимент өндіруді жас келіншек өзіне ар санапты. Тек 12 жастағы қызы жүрек ауруына шалдыққанда ақшаға мұқтаждық туғанын айтып отыр. Қымбат дәрілерге қолы жетпей келеді өйткені. Сондықтан ақпан айынан бері соттың табалдырығын тоздырып жүр. Әзірге ісі нәтижесіз. Күйеуі жиі нөмерін ауыстырып, жалтарып уақыт созып жүр деп қынжылып отыр келіншек.

«13 жыл бойғы алиментті ала алмаймын. Маған тек осы арыз тастаған күннен бастап төлесе болды. Оны да зар қақсатып төлемей жүр. Сотқа бірде бір рет келмеді. Күйеуім балаларымызды менікі емес деп басын алып қашады. Маған қызымның емі үшін ақша ауадай қажет. Жүрегіне Ресейде 2 рет ота жасадық. Тағы да ем қабылдауымыз керек», - деді Наталья ОМЕЛЬЧЕНКО.

Ал Наурызбай ауданында соңғы жарты жылдықта алимент төлемей қашып жүргендерге қатысты бес іс қаралған. Оның төртеуі нәтижелі аяқталыпты. Тек заңға көнбеген бір әкенің үстінен қазір қылмыстық іс қозғалған. Өйткені, азамат 2004 жылдан бері сан сылтауды желеу етіп, балаларына бір тиын да татырмаған. Әкенің балалары алдындағы қарызы 2,5 млн теңгеге жуықтапты.

«Қос азаматты жұмыспен қамту орталығымен бірігіп, балалары алдындағы борышын өтеу үшін жұмысқа тұрғыздық. Көп жағдайда алимент төлемейтіндер жұмысымыз жоқ деген сылтауды айтады. Жалпы 5 адамнан 5 млн теңге берешек өндірілді. Аталған жұмыс мұнымен тоқтамайды», - деді Наурызбай ауданының прокуроры Нұржан СЕРІКҰЛЫ.

Құқық қорғаушы мамандар алиментке қатысты 6000-ға жуық істі қарапты. Нәтижесінде қазір 4000-нан астам әке борышын уақытылы өтеп келеді. Ал 1000-ға жуығы аналарымен келісіп жеке беруге келісіпті. Бүгінде жұмыссыз борышкерлер қатарында 104 адам тіркеліп тұр. Оның 61-ін құқық қорғаушы мамандар жұмысқа орналастырған. 156 адам іздестірілуде жүр. Әзірге оның 45-і ғана табылған. Мамандар алимент төлемейтіндердің бетін қызарту үшін тіпті pravstat.kz сайтында суреттерін де қоймай жариялап жатыр.

«Алимент төлемейтіндердің басым бөлігі бізден тапқан табысын жасырады. Тіпті еңбекақысын төмендетіп көрсететін де жағдайлар аз емес. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 139-шы бабы бойынша 3 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сот шешімімен 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе бас бостандығы шектелуі мүмкін», - деді Прокуратура басқармасының аға прокуроры Әлия СӘЛІМБАЕВА.

Құқық қорғаушылар алимент төлеуден жалтарып жүргендерге баласы алдындағы парызын орындауға шақырып отыр.

Жадыра Омаржан, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» телеарнасы



Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир