|
20.04.2017 | 10:16
2716

Алматыда қала жастарын қолдаудың Жол картасы жобасы таныстырылды

Алматыда «Жастарды қолдаудың Алматы 2020 Жол картасы» жобасы таныстырылды. Бағдарламада тұрғын үймен, жұмыспен қамту, білім беру мәселелері қарастырылған. Оның идеологиясы елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы ойға сай. Қаладағы 800 мың жасқа арналып Трамвай депосында орталық құрылмақ. Оны инвестор өз қаржысына тұрғызатын болады.  

Трамвай депосының жұмысы 2015 жылдың күзінде тоқтаған еді. Талай уақыттан бері бос тұрған нысанда енді жастар орталығы құрылуы мүмкін. Онда мемлекеттік тілді оқыту курстары, ағылшын клубы, оқу залдары ашылмақ. Мұнда алматылықтар өз жобалары мен шығармашылық ойларын іске асыруына мүмкіндік алады. Ал, оның құрылысын инвестор өз мойнына алмақ. Алматыда халықтың 45 пайызын 35 жасқа дейінгі азаматтар құрайды. Олардың күрмеулі мәселелерін шешу мақсатында қала әкімдігі осындай арнайы жоба әзірледі.

«Қала әкімінің тапсырмасы бойынша біз 2020 жылға дейінгі аралықта жастар саясаты жөніндегі басқарма бас болып, барлық қаланың құрылымдары біріге отырып, тізе қосып үлкен бір құжат дайындалды. Онда қаладағы жастардың күнделікті тұрмысы, болашағы, оқуы, бос уақытын өткізу мәселесі, тұрғын үй мәселесі, жұмыссыздық бәрі кеңінен қаралған», - деді қала әкімінің орынбасары Арман ҚЫРЫҚБАЕВ.

Жастарды қолдауға бағытталған жол картасы жобасы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының идеологиясымен сай келеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Қаладағы 800 мың жастың басындағы екі мәселе жұмыс пен баспана. Тұрғын үй тапшылығын шешу мақсатында несиелендіруді жеңілдету мәселесі қарастырылып жатыр. Ал жұмыссыз жастарды қызметпен қамту үшін оларға арналып арнайы сайт құрылмақ. Сондай-ақ бос жұмыс орны жәрмеңкесін ұйымдастыру ұлғайтылмақ.

«Қазіргі таңда жұмыспен қамтудың негізгі шешімдерінің бірі бәріміз білетін. Жастар тәжірибесі ауқымын кеңейту көзделіп отыр. Осыған орай, биылғы жылы жастар тәжірибесі үлес санын 700-ден 2000-ға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз. Және жастар тәжірибесі арқылы өтетін жас мамандардың еңбекақыларын 38 мыңнан 56 мыңға дейін арттыру жоспарлануда», - деді  қалалық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Шыңғыс БЕСКЕМПІРОВ.

Жоба аясында жемқорлықпен күресу жолдары қарастырылған. Бүгінде колледж және университетте оқитын студенттер саны 200 мыңнан асып жығылады. Жоғары оқу орнындағы парақорлықты анықтау мақсатында арнайы сауалнама жүргізілген. Оның нәтижесінде сұралған тәлімгерлердің 75 пайызы жемқорлықпен кездескенін айтқан. Онымен күресу жолында мобильді қосымша іске қосылмақ. Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбектің тапсырмасымен әзірленген жол картасының жобасы қаланың белсенді жастарына таныстырылды. Жиналған азаматтар оны толығымен қолдап отыр.

«Менің өзіме ішінен қатты көңіліме, көзіме оттай басылған дүние ол жаңағы ұйымдаспаған жастар. Сырттардан, аймақтардан оқуға түсе алмай қалып, бірақ жұмыс жасап жүрген, жұмыссыз жастар, соларға қатысты өте жақсы дүниелер айтылған. Ең бастысы оны ары қарай жүзеге асыру керек. Осы бағытта бірлесіп жұмыстар жасаймыз деп ойлаймын», - деді «Болашақ» республикалық жастар қозғалысының төрағасы Дәурен БАБАМҰРАТОВ.

«Әкімдіктен бізге үлкен көңіл бөлінеді. Әрине, біз айына кем дегенде бір рет Алматы қаласының белсенді жастары жиналып, Бауыржан Қыдырғалиұлымен оның орынбасарларымен, басқарма басшыларымен кездесіп тұрамыз. Өзіміздің өзекжарды мәселелерімізді айтамыз. Ондай үлкен кісілердің біздің жастардың ойын, жастардың пікірін тыңдауы біз үшін үлкен мәртебе», - деді С. Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті студенттік үкіметінің төрағасы Жәнібек СОЛТАНАЙ.

Қаланың белсенді жастарының назарына ұсынылған жоба осы айдың аяғына дейін жан-жақты талқыланып, жуырда қабылданатын болады. Бағдарлама мақұлданса, оны жүзеге асыруға 2 миллиард теңгеден бастап, 6 миллиардқа дейін қаржы бөлінбек.

Перизат Көмекбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы



Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир