|
22.06.2017 | 10:21
1658

Алматыда ойын клубтардағы компьютерлер мен бильярд үстелдері тәркіленеді

Алдағы уақытта Алматыда ойын клубтардағы компьютерлер мен бильярд үстелдері тәркіленеді. Салықшылар заңсыз жұмыс істегендерге енді осындай қатаң шара қолданғалы отыр. Өйткені, табысын жасырғандардың қатары тым көбейіп кеткен. Бүгінде Медеу ауданындағы кәсіпкерлердің 50 компьютер мен 10 шақты бильярд үстелін жасырып, салық органына тіркемегені әшкере болған.

Тәулік бойы жұмыс істейтін бұл компьютерлік клуб иелері табысқа кенеліп отыр. Бірақ, Мемлекет міндеттеген салықты төлегісі жоқ. 50 компьютердің тек 15-ін ғана тіркеп, қалғанын жасырып келген. Мұндай қитұрқылықты әшкерелеген мамандар, кәсіпкерлерге 3 тәулік ішінде  техниканы салық органына тіркеуді ескертті. Салықшылар бас сұққан келесі компьютерлік клубта да осындай жағдай. Мұндағы кызметкерлер компьютерлерді есепке қоймағанынын, істен шыққанымен байланыстырды.

Салықшылар заңсыз табысын әшкере еткен бұл азамат, қонақүйінің астыңғы қабатындағы моншаға 2 бильярд үстелін қойыпты. Бірақ, оны тіркеуді жөн көрмеген. Есесіне, түсіндірме жұмыстарын жүргізуге келген салықшыларға зар иледі. Кәсіпкердің бильярд үстелдері табыс әкелмей қаңырап бос тұр деп аузын қу шөппен сүртті. Сондықтан, оны жақын күндері алып тастамақ.

Еліміздің Салықтық кодексінде көрсетілгендей, кәсіпкерлер өзінің қызмет көрсететін орталығындағы 1 бильярд үстелі үшін 25 айлық есептік көрсеткіште, яғни  57 мың теңге көлемінде салық төлеуі тиіс. Ал, әр компьютерге 9 мың, боулингтің 1 жолағына 96 мың теңгеге жуық салық төлеуі шарт. Алайда, бизнесмендердің көпшілігі көрсететін қызмет түрінінің тек 1-2-еуін ашық тіркеп, қалғанын жасырын ұстайтын көрінеді.

«Ондай жағдайлар бізде кездеседі. Біз кеше ғана Достық пен Әл-Фараби даңғылының бойында орналасқан боулинг орталығын жауапкершілікке тарттық. Бұл жерде боулинг салық органынан 4 жолды тіркеген, ал екі жолды тіркемеген.  Осы 2 жолды тіркемегені үшін салық органына 4 млн 400 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Салық төлеуші бір жыл көлемінде салық төлеуден жалтарған»,- деді Медеу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары, Қуаныш ТҮМЕНБАЕВ.

Жалпы жыл басынан бері Медеу ауданы бойынша бильярд, боулинг және компьютер клубтары есебінен қазынаға 39 млн 800 мың теңге салық түскен. Ал, әлі күнге тіркелмей тұрған компьютерлердің саны 50 болса, бильярд үстелі 10-шақты екен. Салықшылар, заңсыз табыс тауып отырған кәсіпкерлерге 3 тәулік уақыт берді. Олар осы аралықта қызмет түрін салық органдарына тіркеп үлгеруі тиіс. Әйтпесе, құжаты жоқтары жаппай тәркіленеді.

Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир