|
29.12.2016 | 12:13
3008

Алматыдағы орталық кәріз жүйесіне қосылмаған үйлерден жылына 7 млн текше метр қалдық су шығады

Алматыдағы орталық кәріз жүйесіне қосылмаған үйлерден жылына 7 млн текше метр қалдық су шығады. Алайда, оның бар болғаны 260 мың текше метрі ғана қайта өңдеуге жіберіледі екен. Қалғаны рұқсат етілмеген жерлерге төгіледі немесе жер қабатына сіңіп кетеді. Аталған шығынның мөлшерін азайту үшін Алматы су мекемесі қалдық суды жинаудың жаңа тәсілін қолға алды.

Кәріз суларын қабылдайтын бұл станция Польшадан әкелінген. Автоматтандырылған құрылғының құны 10 мың еуро. Алматы Су холдингі мамандарының айтуынша, кәріз суын тасымалдайтын көліктермен келісімшарт жасалып, станцияны іске қосатын карта беріледі. Мұнда әкелінген қалдық сулар екі деңгейлі тазалаудан өткен соң ғана, орталық кәріз жүйесіне жіберіледі.

«Қалдық суды қабылдаудың екі түрлі қызметі бар. Тұрмыстық па, өндірістік па, соны белгілейді. Мұның ішіндегі құрылғы автоматтандырылған. Тапсырма берілген соң көліктегі қалдық суды қабылдап алады», - деді «Алматы Су Холдингі» МКК инженері Шынтас ТЕМІРБЕКОВ.

Станция қаладағы орталық кәріз жүйесіне қосылмаған ықшам аудандарға орнатылады. Қазір қажетті жерді белгілеп, құжаттары реттелуде. Қала тұрғындарының 17 пайызы немесе 75 мың абонент орталық кәріз жүйесіне қосылмаған. Нәтижесінде, аталған тұрғын үйлерден жылына 7 млн текше метр қалдық су шығады. Оның бар болғаны 260 мың текше метрі ғана қайта өңдеуге жіберіледі екен.

«Алматыда қаланың барлық шайынды суларын қабылдайтын бір ғана орталық Түрксіб ауданында орналасқан. Ол қаланың орталық бөлігінен және жаңа қосылған ықшам аудандардан өте алыс. Осы келеңсіздікті жою мақсатында біз өткен жылдан бері заманауи қалдағыш станцияларды сатып алып жатырмыз», - деді  «Тоспа Су» МКК бас директоры Нуриддин ЖАРБОЛОВ.

Автоматтандырылған құрылғыны пайдаланатындар үшін 1 куб қалдық су үшін  27 теңге төлем алынады. Бұл станцияның қызмет көрсету ақысы. Мұндай орталықтың бесеуі жыл соңына дейін қаладағы қажетті орындарға қойылады. Тағы бесеуі келесі жылы орнатылмақ. Жоспар бойынша, қалдық су қабылдайтын орталықтар толық іске қосылған соң жылына шамамен 1 млн текше метр су қайта өңдеуге жіберіледі.


Аршын Кемелжан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир