|
19.04.2017 | 10:14
1663

Алматылық экологтар салақ тұрғындармен күресіп әлек

Алматылық экологтар салақ тұрғындармен күресіп әлек. Олар қаланың төменгі аумағындағы өзен аңғарларына төңіректегі адамдар қоқыстарын тастап кетулерін доғармады деп налиды. Салдарынан қатқыл қалдық әлгі өзендерді борсытып жіберген. Ал, қолаңса иіс маңайға тегіс жайылыпты. Құрт-құмырсқа құжынаған аумақтарды әзірге кімнің тазалайтыны белгісіз. Өйткені, көп орын қараусыз жатыр. Ал, жауапты пәтер иелері коперативі басшылары салық төлеуден жалтарып келеді. Тіпті, құрығы ұзын құзырлыларға қыр көрсете бастаған.

Есентай өзенінің төменгі сағасы борсып жатыр бұл күні. Өйткені, келіп-кеткеннің барлығы қолдағы керексіз затын шімірікпестен тастап кететін көрінеді осы жерге. Салдарынан аяқ алып жүру мұңға айналған. Ал жауаптылар құзырлылардан жалтарумен келеді. Тіпті, олар эколог көрсе - із суытуға дайын тұрады.            

Қапыда келген құзырлыға шүйліге кететін жауапты бұл. Өзіне қарасты аумақ қатқыл қалдыққа қақалып тұрса да, айыбын мойындаудан бас тартады. Айтуынша, сай-саланы қоқысқа үйген төңіректегі тұрғындар екен. Жылы сөйлесуге ыңғай танытқан, бірақ жанына жуытқан адам болмапты.

Ашуға мінген коператив төрағасы аздан соң сабасына түсе бастады. Айыбын түсініп, араға аула сыпырушыларды алып келді. Алайда, тазалық сақшылары бұл сорақылыққа көз жұма қарай алмады.                  

«Мен салма демеймін! Мен өзімнің кінәмды мойындаймын. Иә, мына жер таза емес. Бірақ, адам сияқты түсінуге болады ғой. Оңай емес ондай ақшаны төлеу», - деді «Дорожник» ПИК төрағасы Әли МҰСАБЕКОВ.

Экологтарды көндіруге қанша тырысқанымен, қабағы қатулы сақшылар жібімеді. Сөйтіп, өзен аңғарын айғыздаған пәтер иелері коперативі басшысына 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Тап осындай сомманы маңайдағы кәсіпорын иесі де арқалады. Ол да тазалыққа салғырт қараған екен.              

«Сәуір айының басынан бастап, қоршаған ортаны және экологияны қорғау бөлім мамандары ауданды аралау барысында ережеге сәйкес емес 252 мекен-жай анықталды. Құқық бұзушылық ережесіне аудандық әкімшілік тарапынан тазалау жұмыстары жүргізілді», - деді Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Қайрат ТОҚТАСЫНОВ.

Тазалық жанашырлары тексеріс кезінде Түрксіб ауданындағы мына аумақты да анықтаған. Алып аңғар - оталған бұталарға, тасталған қоқысқа толы. Тіпті, бүлінген жиһаз да жатыр мұнда. Аудандық экологтар сайды қалдыққа бөктірген жақын жердегі тұрғындар дейді. Олар қоқыс салар жәшік болмаған соң, керексіз заттарын осы жерге үйе берген. Ал, аумаққа ешкім жауапты емес.                      

«Мұнда орналасқан екі үй де ешқандай ПИК-ке қарамайды. Ал, тұрғындар қоқыстарын анау аңғарға апарып тастайды. Сондықтан біз түстен кейін, осындағы жұртпен түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз», - деді Түрксіб ауданы экология бөлімінің басшысы Мұхаммеджан АЙТЖАНОВ.

Жердің иесі жоқтығынан, экологтар бұл жолы ешкімді жауапқа тарта алмады. Алайда, олар аудандық әкімдікпен бірлесіп, бұл түйіткілді осы аптада шешеміз деді. Қобырсып жатқан қоқыс қалай да алынады.

Дастан Сейілханұлы, Әскет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы          


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир