|
06.04.2017 | 10:54
1914

Алматылықтар жарық шамдарының көшеде ашық-шашық жатқанына алаңдайды

Алматылықтар жарық шамдарының көшеде ашық-шашық жатқанына алаңдайды. Себебі, электр лампаларының құрамында сынап бар. Ал, жарамсыз боп қалған шамды тастайтын арнайы қоқыс жәшігі жоқ.

Алматылық Қайрат Жұмағараев мынадай энерго үнемдеуші шамды арнайы дүкеннен сатып алған. Саудагерлер оған лампаның құрамында сынап барын ескертіп, істен шыққанда арнайы орынға өткізуі қажеттігін айтқан. Тіпті, бірнеше мекен-жайды да көрсеткен екен. Алайда, Қайраттың айтуынша, қалада сынабы бар жарық шамын тастайтын бірде-бір контейнер жоқ болып шыққан. Сондықтан, ол зиянын біле тұрса да, қолындағы лампаны үй маңындағы қоқыс жәшігіне лақтыруға мәжбүр болыпты.

«Жұмысымның жанында, яғни «Орбита» ықшам ауданында мұндай шамдар тастайтын арнайы контейнер бар екен. Бірақ, ол жерді ешкім қадағалап жатқан жоқ. Контейнер сынабы бар шамға толып кеткен. Сыймағаны маңайында шашылып жатыр. Аулада балалар ойнайды. Төгілген сынап болса, олардың денсаулығына қауіп төнеді ғой. Осы мәселе шешілсе деймін»,- деді Алматы қаласының тұрғыны, Қайрат ЖҰМАҒАРАЕВ.

Құрамында сынабы бар жарық шамдарын утилизациялаумен Алматы қаласында тек 2 мекеме ғана айналысады. Соның бірі, «Алматыэкологоқұрылыс» мекемесі. 2009 жылдан бері жұмыс істейтін кәсіпорын зиянды элементі бар шамдарды Ресейден алдыртқан  арнайы қондырғыда жояды екен. Машинада бір мезетте 250 лампа бөлшектеледі және 1 сағат уақытты алады. 

«Жойғанда сынап бөлек ыдысқа түседі, шынылар бөлек ыдысқа түседі. Яғни, ол ешқандай халыққа және ауаға ешқандай зияны жоқ. Ал, егерде ол лампаларымыз сынып қалса, онда әрине халыққа және де ауаға зиян келтіреді»,- деді «Алматыэкологоқұрылыс» МКК басшысының орынбасары, Әсел АЗДЕРОВА.

Бұл цехқа қауіпті шамдарды мемлекеттік мекемелер мен заңды тұлғалар ғана өткізеді екен. Өткен жылы мұндағы жұмысшылар 103 мыңға жуық сынабы бар электр шамының көзін жойған. Кәсіпорын әрбір шамды 70 теңгеден қабылдайды. Ал, қала тұрғындары әкелсе, тегін утилизация жасауға дайынбыз дейді мамандар.

«Халық көбінесе білмейді, яғни ол сынаптың зиянды екенін. Сондықтан да, көбісі мусорға барып лақтырады. Негізі оларды бізге, осындай арнайы мекемеге өткізу керек. Кейбір ғана адамдар білетін адамдар, олар бізге алып келеді. Қаншалықты алып келсе де, біз қабылдап олардан осы жерде ары қарай утилизациясын жасаймыз»,- деді «Алматыэкологоқұрылыс» МКК басшысының орынбасары, Әсел АЗДЕРОВА.

Жарық шамдарының ішіндегі шамдардан цех қызметкерлері 2009 жылдан бері 4 келі сынап жинапты. Бірақ, қауіпті элементті қайда жіберерлерін білмей отыр. Өйткені, Қазақстанда сынапты ешкім қабылдамайды дейді мамандар. Ал, қала көлемінде сынабы бар жарық лампаларын тастайтын арнайы контейнерлердің қашан болары белгісіз.

Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы



Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир