|
27.06.2017 | 11:02
3851

Алматының әскери инсититуттарының түлектеріне диплом табысталды

Алматыда Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты мен құрлық әскерлері институтының түлектеріне диплом табысталды. Жас әскерлерді білікті офицерлер, қорғаныс саласының үздіктері құттықтады. Ел тарихында тұңғыш рет биылғы үздік түлектер Қарулы күштерінің Жоғары Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев тағайындаған ІІ дәрежелі «Ел қорғаны» медалімен марапатталады. Курсанттарды салтанатты түрде шығарып салу рәсіміне Перизат Көмекбайқызы қатысып қайтты.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтын биыл 203 түлек тәмамдады. Осы жылы білім ордасында оқу озаттарының саны өткен жылғымен салыстырғанда екі есе артқан. Қызыл диплом алған курсанттар саны 28-ді құрады.

«Ерекше қуаныштымын. Себебі, бұл уақытты біз 5 жыл күттік. 5 жыл қиындығы мен қызығы мол әскери институтты оқып үздік нәтижемен тәмамдап отырмыз. Ойлаймын бұл тек біздің қуаныш емес, ата-анамыздың қуанышымыз. Және де осы бүгінгі бітіріп отырған курстастарыма ақ жол тілеймін. Біз әрқашан Қазақстан Республикасын қорғауға елбасымыздың үмітін, ата-анамыздың үмітін ақтауға дайын боламыз»,- деді Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының түлегі, Тілек ТОҚАН.

Жігітке жеті өнер де аз. Түлектер 5 жыл аралығында халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық деңгейде ұйымдастырылған ғылыми жобаларда, спорттық жарыстарда, интеллектуалдық сайыстарда жоғары нәтиже көрсеткен. Мұндай биік белестерді бағындырған білім алушылар жоғары марапатқа ұсынылды.

«Биылғы түлектер - оқу орнының мақтанышы. Институтты бітірген 3 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Оның ішінде екеуі ІІ дәрежелі «Ел қорғаны» медалін иеленді»,- деді Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының басшысы, Асқар МҰСТАБЕКОВ.

«Жас түлектер 5 жыл ішінде сымдай тартылып, бүгінгі елге шен үшін емес, ел үшін, марапат үшін емес, парасат үшін қызмет ететін болып, әр жұмысын өз атағы үшін емес, Отан үшін қызмет етуіне айбарлы Қарулы күштеріміздің санын көбейтіп отыр. Олардың барлығы байланыс торабында, ақпараттық құпиялық торабында, әуе кеңістігінде барлық салада да еңбек ететін біздің еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына бірден-бір қызмет ететін азаматтарымыз»,- деді Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты, Бақытбек СМАҒҰЛ. 

47 жылдық тарихы бар Құрлық әскерлері әскери институты да өз түлектерін салтанатты түрде шығарып салды. Оқу орнын тәмамдаған 344 курсантқа диплом табысталды. Түлектер дипломмен қоса, лейтенант атағын да алды. Олар еліміздің әр өңіріндегі әскери бөлімдерде қызметтерін, бір ай тынығып алған соң бастайды. 

«21450 әскери бөліміне Отар гвардейскіне түстім. Бәрі жақсы. Осы лейтенанттарға бітіріп отырған бәріне ақ жол тілеймін»,- деді Құрлық әскерлері әскери институтының түлегі, Нұрғалым ЕРСҰЛТАН.

Осы уақытқа дейін әскери институт ел әскері үшін 17 мыңнан астам офицер дайындаған. Бүгінде олар жоғары әскери марапатқа ие болып, республиканың түкпір-түкпіріндегі әскери бөлімдер мен мекемелерді басқарып келеді.

Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир