|
09.02.2017 | 11:00
1397

«Бәйтерек Development» АҚ ұлттық қор қаржысын жымқырып келген

«Бәйтерек Development»  акционерлік  қоғамы  ұлттық қор қаржысын ұзақ уақыт бойы жымқырып келген. Сорақысы сол ұрлық әрекеттерін еш қиналмай  жасауға барлық жағдай жасалған. Лауазымды тұлғалар қап-қап қаражатты өз шоттарына аударумен ғана айналысқан. Осындай жаға ұстарлық деректер мен дәйектерді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жария етті.

Лауазымына қарамай қамалып жатқан шенеуніктер «нөмір бірінші» тақырып бүгінде. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі алдағы екі айда 250-мың тұрғынның есігін қағып, жемқорлықтың жиіркенішті құбылыс екенін насихаттамақ. «Мақсат, әр азаматқа жету»-дейді, төраға. Оның бір мысалы ретінде Бәйтерек холдингіндегі былықты тілге тиек етті.

«Ұзақ уақыт бойы ұлттық қор қаржысын ұрлап, үкіметке орасан зиян келтірген Бәйтерек қорының бұрынғы басшылары ақша ұрлауға қолайлы жағдай жасап алған. Корпоративтік кодекске сай, бір адам кәсіпкерлердің қайсысы тендерге қатысуына қатысты  шешім қабылдап, қаржы бөле алатын. Қоғамдық қадағалаудың әлсіздігінен осындай жағдайлар болды. Ешкімнің абыройы мен шеніне қарамау керек. Барлық сот отырысы мен тергеу барысында алынған дәлелдер қоғам назарында болуы тиіс», - деді  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат ҚОЖАМЖАРОВ.

Мемлекеттік қызметкерлер қатарын кеміту керек. Бұны Президент Үкіметтің бірлескен отырысында қадап тапсырды. Қазір Қайрат Қожамжаров басқаратын агенттік пен Президент әкімшілігі бірлесе ұсыныс дайындап жатыр. Ұсынысқа сай, алдымен «А» корпусындағылар екшеледі. Сондай-ақ жауапты хатшы, комитет төрағасы, әкімдіктегі аппарат жетекшісі секілді лауазымдар жойылуы мүмкін. Отырыста былыққа белшесінен батқан өңірлердің аты аталды.  

«Ең көп жемқорлық құқық бұзушылық жасаған мемлекеттік қызметкерлердің Алматы, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай және Жамбыл облыстарынан екені анықталды. Аталған өңірлердегі бақылау жұмысы күшейтіліп, тиісті қорытынды дайындалуда», - деді  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл ШАИМОВА.

Былтыр елімізде 3 мыңға жуық тұлға жемқорлық бабы бойынша істі болған. Мемлекетке келген зардап 44 млрд теңге. Қазынаға бұл қаржының 9 млрд-тан астамы қайтарылса, осыншама ақшаға шектеу қойылған. Агенттіктің қарапайым бұқараға айтар бір-ақ өтініші бар. Егер сіз коррупциялық қылмысқа куә болсаңыз міндетті түрде тиісті органдарға хабарласуыңыз керексіз.  Өткен жылдың өзінде, 185 қазақстандыққа жемқорлықпен күрескені үшін үкіметтен 27 млн теңге төленген.

Айжан Шамшидин, Бауыржан Қажақанов, Алматы телеарнасы Астанадан



Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир