|
24.05.2017 | 16:56
2217

Жаңа туылған нәресте автоматты түрде балабақшаға кезекке тұрады

Енді жаңа туылған нәресте автоматты түрде балабақшаға кезекке тұрады. Бұл жүйелер жаңа жылдан бастап қолға алынбақ. Астанада өткен Үкімет отырысында талқыланған бұл мәселеден бөлек, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының басшысы атқарылған істерді шолып шықты. Сонымен қатар, маусым айынан бастап, қарызы үшін шетелге шығуға шектеу қойылған азаматтар әуежайда тұрып-ақ берешектерін онлайн өтей алады.

Үкімет қабырғасында жаңа туылған нәрестені автоматты түрде балабақшаға кезекке қою мәселесі қаралды. Келер жылдан бастап нәресте дүние есігін аша салысымен, ол туралы ақпарат Халыққа қызмет көрсету орталығына, тіпті тиісті министрлік пен әкімдікке жіберіліп, жеке сәйкестендіру нөмірі және төленетін жәрдемақы белгіленеді.

«Бұл жүйені келер жылдан бастап енгізуді жоспарлап отырмыз. Нәресте туралы ақпарат Халыққа қызмет көрсету орталықтарына және Денсаулық сақтау министрлігіне түседі. Одар әрі оған тағайындалатын жәрдемақы есепшотына түсіп отырады», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрағасы Абылайхан ОСПАНОВ.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысы төлқұжаттың дайындалу уақытын қысқартуды ұсынды.  Қазіргі уақытта Қазақстанның 4 қаласында ғана - Астана, Алматы, Ақтөбе мен Шымкентте паспортты 3 күннің ішінде ала алады. Қажетті құнын төлеген жағдайда бір күнде дайын болады. Ал өзге өңірлерде ел азаматтары екі апта күтуіне тура келеді екен.

«Біз төлқұжат алу туралы осыған дейін айттық. Еліміздің төрт қаласында осы құжат түрін дайындайтын кәсіпорындар бар. Бірақ өкінішке орай, осы қалалардың өзінде паспортты алу үшін 3 күн күтуіне тура келеді. Егер тездету үшін ақы төлесе ғана 1 күнде алуға болады. Яғни мүмкіндік бар деген сөз», - деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Ал маусым айынан бастап қазақстандықтар шетелге шығуға қойылған шектеуді қарызын онлайн түрде төлей алады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында бұл мәселе қолға алыныпты. Бұл жүйе маусым айынан бастап іске қосылады.

«Азаматтарымыз әуежайда кедендік бақылаудан өткенде қарызы барын және шетелге шығуға шектеу қойылғанын сол уақытта біліп жатады. Қазір Әділет министрлігі және «Қазпошта» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып, жаңа қызмет түрін жасадық. Маусым айынан бастап, қарызын өтемеген азаматтар ешқайда бармастан, онлайн түрде берешектерін өтей алады», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрағасы Абылайхан ОСПАНОВ.

Ал білім министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, оқушылардың жазғы демалыста бос уақыттары болмауы қажет. Оны ұйымдастыру мектептер мен қамқоршылық кеңесіне жүктелуі мүмкін. 2017 жылы демалыс лагеріне 1 миллион 655 мың бала барады деп күтілуде. Олардың арасында әлеуметтік аз қамтылған отбасының балалары да бар. Бұл мақсатта бюджеттен 4 миллиар теңге қарастырылыпты.

«Бүгінде мектеп жанындағы тынығу лагерьлерінде оқушылар 10 күн ғана демала алады. Ал демалыс 90 созылған. Бұл жағдайда не істеу керек? Балалар бос уақытында үйірмелерге, спорттық және тіл үйрену шараларына қатысуы қажет», - деді ҚР БІлім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ.

Ал Елорда төрінде өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне 40 мың оқушы келмек. Оларды орналастыру үшін арнайы жатақхана да қарастырылыпты. Бұл туралы Астана әкімі Әсет Исекешев Үкімет отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір оқушыларды қабылдайтын 10 жатақхана дайын тұр екен. Тамақ пен көлік мәселесі де ретке келтірілген. Еліміздің әр өңірінен келген балалар Астанада екі күн аялдайтын болады. Бірінші күні көрмені тамашаласа, екінші күні қаланы аралайды.



Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир