|
06.06.2017 | 11:29
1419

ЭКСПО кезінде Астанаға төрткүл дүниенің қазағы бас қоспақ

ЭКСПО кезінде Астанаға төрткүл дүниенің қазағы бас қоспақ. Дүниежүзі қазақтарының биылғы жиынына 40-қа жуық елден қандастар келеді. Осымен бесінші рет өткізілетін құрылтайға 700 ден астам адам шақырылып, жиында Елбасы сөз сөйлемек. Шара аясында алғаш рет дүниежүзі қазақ жастарының форумы өтеді.

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығында қазір қызмет қарбалас. Алыс-жақыннан келетін делегаттардың тізімін жасау, тіпті күтіп алуға дейін дайындалып жатыр. Құрылтайға 700-дей өкілдер қатысады деп жоспапрланып отыр. Ел егемендік алғалы осымен бесінші рет өткізілетін жиын үш күнге жалғасып, төрт түрлі мәселе 5 сексияға бөлініп талқыланбақ. 

«5 сексияға бөлініп өткізбекпіз. Біріншісі, мәдениет және ақпарат министрлігі. Қоғамдық келісім және дін істері. Осы үшеуі. Екіншісі таза білім министрлігі. Үшіншісі, индустрия мен ауылшаруашылығы министрлігі. Төртінші сексиямыз көші-қонға арналған. Оған еңбек министрлігі мен миграция комитеті  қатысады. Өйткені заң қабылданды. Не болып жатыр? Қандай мәселе бар? Осының бәрі осы жерде айтылады»,- деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары, Талғат МАМАШЕВ. 

5 сексияда денсаулық сақтау министрлігінің сұрауы бойынша медициналық туризм тақырыбы талқыланады. 6 жылдан соң өткелі отырған құрылтайда шеттегі қазақтың мәдени орталықтарына қаржылай көмек көрсету, оқуға түсуге бөлінген екі пайыз квотаны көбейту, шеттегі ағайындардың Қазақстанда бизнеспен айналысуына мүмкіндік беру, азаматтық алудағы қаптаған құжаттардың тізімін азайту мәселелері сөз болады. 

«Біз қазір 1 миллионға жуық ағайындарымызды көшіріп алғанның өзінде әлі сол 5 миллионға жуық адам сыртта отыр. Біз олардың тек табиғи өсімін Қазақстанға келтірсек үлкен табыс болар еді. Тағыда бір 500-600 мыңын көшіріп алсақ мұртымызды балта шаппас еді»,- деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары, Талғат МАМАШЕВ. 

ЭКСПО халықаралық көрмесі қарсаңында өткізілетін құрылтайда алғаш рет әлем қазақ жастарының форумы өтеді. Бұл қазақ үшін маңызды шараның бірі болмақ. Себебі, батыс елдері тұрмақ, Түркия мен Ресейде тұратын қазақтар ана тілінде сөйлесе алмайды. Жастар форумы нәтижелі болса, әр 2 жыл сайын бас қосу жоспарда бар. 

«Қазақ қазаққа толмай Тәуелсіздік баянды болмайды. Біз осыны түсінуіміз керек. Әлемге тарыдай шашылған қазақ жастары еліміздің төрінде Астанада бас қосып, жүздесіп, пікір алмасып, ой бөлісіп, осы Тәуелсіз Қазақстанымыздың ертеңі үшін өздерінің қарым-қабілеттерін, білімін берсе. Сондай-ақ, олар бір-бірімен танысып, ертең өзге ұлттарға сіңісіп бара жатқан қазақтарға қазақ еліне тарту арқылы достасуына себепші болсақ мақсатымыз осы»,- деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жастар бөлімінің жетекшісі, Талаппек ТЫНЫСБЕК.  

Айта кетейік, дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы 1992 жылы Алматыда өткен. Кейін, 2002 жылы Түркістанда,  2005, 2011 жылдары Елордада. Ал, биылғысы Астана қаласында маусымның 22-25 аралығында өтеді. Халықаралық жиынға  350 қазақ диаспорасының өкілдері келеді деп күтілуде.

Әмірболат Құсайынұлы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы 



Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир