Елімізде ұлттық ұланның құрылғанына ширек ғасыр толды

Елімізде ұлттық ұланның құрылғанына биыл ширек ғасыр толды. Гвардияның құрылымдық бөлімдері еліміздің ірі 19 қаласында қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Бірер аптадан соң Алматыда шымылдығын түретін 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада кезінде құқықтық тәртіпті қырағы қаматамасыз ету үшін Алматы гарнизоны жеке құрамынан 1200-ден астам әскери қызметші жұмылдырылмақ.


Бұл - Шымкентте жеті қараңғы түнде болған жойқын жарылыстан үйінді астынан бір жасар Аружанды құтқару сәті. Құтқарушылар ең алдымен, бесіктегі нәрестені, кейін қалған төрт адамды опырылған үйден шығарып алды. Жарылыстың дүмпуін ести сала оқиға орнына алғашқылардың бірі болып келіп жеткен Ұлттық ұлан старшинасы Руслан Бахрамов. Оның тез арада шешім қабылдап, жылдам қимылдауының арқасында құлаған үйдің астында қалған Жұмалиевтер отбасы аман қалды. 


Адам өмірін сақтау үшін қара басын қатерге тіккендерді халық бейбіт күннің батырына теңейді. Ұлттық ұланда мұндай ержүрек сарбаздар осы уақытқа дейін талай жанның өміріне араша түсті. Өткен жылы желтоқсан айында Таразда алаңда өткен концерт кезінде дүлей дауылдан халықтың үстіне құлап келе жатқан баннерді ұлттық ұлан сарбаздары тосып, өздері зардап шекті. Әйтпеген жағдайда, қаншама адамға қасірет әкелуі мүмкін еді.


«Мұндай ержүрек жауынгерлердің ерлігін біз өзгелерге айтып, патриоттық сезімге үлкен мән береміз. Батыр жауынгерлеріміз көп бізде. Жалпы, Ұлттық ұлан қатарында борышын атқаруға жас жігіттердің құлшыныстары өте жоғары. Оны өңірлердегі Қорғаныс істері жөніндегі мамандар да айтып жүр. Біздің ротадағы сарбаздар іріктеуден сүрінбей өткен. Бәрінің де Отанға деген патриоттық ыстық сезімдері жалындап тұр. Кез келгеніне «Әскерге не үшін келдің?» деген сұрақ қоя қалсаң, мүдірместен «Отанымды қорғау үшін келдім!» деп нық жауап береді»,- деді ҚР Ұлттық Ұланы "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік құқығы жөніндегі орынбасары, Сабыржан СҮЛЕЙМЕНОВ. 


Ұлттық Ұланның құрылғанына 25 жыл толды. Осы мерейлі датаға орай, құқықтық тәртіп әскерінде қызмет етіп жүрген азаматтар марапатталып, салтанатты іс шара өтті. Бүгінгі таңда, Ұлттық ұлан қала көшелерінде құқықтық тәртіпті қадағалап, қылмыспен күреске, мемлекеттік маңыздағы нысандар мен түзету мекемелерін күзетуге қомақты үлес қосуда. Патрульдік қызметті атқаруға күн сайын 5000-нан аса әскери қызметші жұмылдырылады.


Перизат Көмекбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы