Ыңғайлы мобильді
қосымшаны қолданыңыз:
cоңғы жаңалықтар, видео-материалдар және телебағдарламалар

"Алматы" арнасы көрермендерін тағы бір тың туындымен қуантпақ

Арнамыз көрермендерін тағы бір тың туындымен қуантпақ. Келер айда эфирімізге жаңа телехикая жол тартады. «Үйге оралу» деп аталатын 12 сериялы телехикаяда ауыл мен қала өмірі қатар өрбиді. Қазіргі қоғамда жиі кездесетін жайттар ашық көрсетіледі.

Шығармашыл топ күн-түн демей, осылай қызу жұмыс істеп жатыр. Барлығының мақсаты бір. Көрермен көңілінен шығу. Телехикая ауылдан шыққан қарапайым жігіт, Арманның өмірі арқылы өрбиді. Ол қалада жаңа өмір бастағасын, ауылда қалған ата-анасын ұмытып, бойындағы адамгершілік қасиеттерінен айырылады. Десе де, туындының аты айтып тұрғандай кейіпкер үйіне оралып, бұрын көзге ілмеген ауылдағы құндылықтарды қадірлей бастайды. Телехикаяның басты рөлін ойнау, бұған дейін талай отандық фильмдерге түскен актер Мереке Сүлейменовке бұйырыпты.

«Негізі бұл Арманның өмірі менің өзімнің өміріме кішкене келеді. Өзім мен ауылдың баласымын, ауылда өскенбіз. Қалада тұрғанымызға біраз жыл болды. Өзіміз де қиыншылықты көрдік. Енді бұл рөлді маған ойнау қиындық тудырған жоқ. Өйткені, ауылдан шыққаннан кейін бұл оқиғалардың барлығы таныс»,-деді Басты рөлді сомдаушы актер, Мереке СҮЛЕЙМЕНОВ.

Драмалық телехикая әрқайсы 25 минуттық 12 бөлімнен тұрады. Тың жобаға бас-аяғы 25 актер жұмылдырылған. Жаңа телехикаяға қарапайым ауыл адамдарынан бастап, тіс қаққан шебер әртістер де еңбек сіңіруде.

«Бұл фильмде мен бас кейіпкер Арман деген жігіттің әкесінің інісінің рөлін ойнаймын. Бұл фильмдегі маған өзіме ұнағаны, жаңадан бизнес бастаған кезде мына ауылдағы жағдайлар»,-деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер, Мұрат НҰРӘСІЛОВ.

Түсірілім алаңында өз ісінің шеберлері, яғни кәсіби мамандар жұмыла жұмыс істеуде. Телехикаяны түсіру астаналық жас режиссер Асқар Қожабековке сеніп тапсырылған. Бұған дейін көркемфильмдер мен түрлі жанрдағы сериалдардан тәжірибе жинаған маман, телехикая түсіруді алғаш қолға алып отыр екен.

«Фильм сценарийімен танысқанда, бірден қызығып осы жобада жұмыс істеймін деп шештім. Оқиғасы қарапайым өмірден алынған, кейіпкерлерге жаның ашиды. Бұл көрермен үшін өте маңызды. Біздің шығармашылық топ мүшелері бір-бірін айтқызбай түсінеді. Актерлермен қатып қалған сценарий бойынша жұмыс істемеймін, түсірілім алаңында барынша емін-еркін болуды талап етемін. Қажет жерінде импровизация жасауға да рұқсат»,-деді Телехикая режиссері, Асқар ҚОЖАБЕКОВ.

Шығармашыл топ түсірілімге ай басында кіріскен. Қазір тынбай еңбектеніп жатыр. Өйткені, туынды келер айда көрерменге жол тартпақ.

«Түсірілім қазір Шеңгелді ауылында жүріп жатыр. 10 шақты күн осында болып, ауылдағы эпизодтарды түсіреміз, кейін Алматы қаласында жалғастырамыз. Қала мен ауыл өмірі теңдей көрсетіледі. Қазір осындағы тұрғындар қолдан келгенше көмек беріп, білмейтін тұстарымызда кеңестерін аяп жатқан жоқ»,-деді Телехикаяның атқарушы продюсері, Карина ДАВЛЕНОВА.

Қазір телехикаяның жартысы түсіріліп қойды. Енді, тек қаладағы эпизодтар қалған көрінеді. Дегенмен, шығармашыл топ телехикаяның бар құпиясын ашқан жоқ. Айтуларынша, туынды көрерменге ой салар, күтпеген оқиғамен аяқталады.

Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы