|
25.05.2017 | 11:32
1515

Лаңкестік әрекет үшін Қазақстан азаматтығынан айыруы мүмкін

Лаңкестік әрекет үшін Қазақстан азаматтығынан айыруы мүмкін. Мәжіліс депутаттары Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, маңызды құжат жеті кодекс пен 46 заңға өзгеріс енгізуді көздейді. Министр геноцид, сепаратистік қызмет, экстремистік топқа жетекшілік ету немесе сол құрамда болу сияқты қылмыстарды мысалға келтірді.

«Қылмыстық кодекстің он бабында көзделген он төрт аса ауыр террористік қылмыстар құрамдары бойынша қосымша жаза ретінде азаматтықтан айыру ұсынылып отыр. Мысалы терроризм актісі үшін, террористік топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысқаны үшін және тағы басқалары. «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңына сәйкес, негізгі ұлттық мүдделерге конституциялық құрылыстың тұтастығы жатады. Бұл ұғымға елдің тәуелсіздігі, біртұтастығы және президенттік басқару нысаны кіреді», - деді ҚР Әділет министрі Марат БЕКЕТАЕВ.

Сонымен қатар, Президенттің кей өкілеттіліктерін Үкіметке беру мәселесі де сөз болды. Айта кетейік, бұған дейін Елбасы арнайы үндеуінде мемлекеттік биліктің тармақтары арасында Президенттің заң деңгейінде бекітілген кейбір өкілеттіліктерін қайта бөлу туралы тапсырма берген болатын. Министр Бекетаев ұсынылып отырған түзетулер 3 бағытты қамтитынын айтты. Оның ішінде Ұлттық банкпен тиісті орындардың ұсынысы негізінде валюталық режим енгізу, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың шекараларын анықтау секілді бірнеше өкілеттілік Үкіметке берілмек. Айта кету керек, заң жобасы билік құрылымдарының жұмысын қазіргі заман талабына сай етіп ұйымдастыруға бағытталып отыр.

  

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир