Ыңғайлы мобильді
қосымшаны қолданыңыз:
cоңғы жаңалықтар, видео-материалдар және телебағдарламалар

Алматыда «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы өз мәресіне жетті

Еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы Алматы шаһарында да ұйымдастырылды. Екі күнге жалғасқан шара бүгін өз мәресіне жетіп, топ жарып шыққан компаниялар марапатталды. Бұл жолы 9 жеңімпаз республикалық деңгейде өтетін көрмеге жолдама алды. Бағы жанған өнеркәсіп иелері кімдер? Әріптесім Нұрсұлтан Біләл тарқатады.

Осымен дәстүрлі түрде 11-ші жыл қатарынан қала әкімдігі мен кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып отырған өңірлік көрме -байқауына 62 компания қатысты. Конкурстың форматына сай Отандық өндірушілердің ең үздік тауарларының үлгілері ұсынылды. Жеңіл және азықтық өнеркәсіп өнімдері, жұмсақ жиһаз, көлік пен өндірістік құралдар. Сапасы мен бағасы қолайлы тауарлардың жүздеген түрі «Қазақстанның үздік тауары» байқауында сынға түсті. Шараға қатысқан қала әкімі Бауыржан Байбек жергілікті кәсіпкерлерге жаһандық экономиканың тұрақсыздығы кезінде бәсекеге қабілетті өнім өндіріп, өз экономикамызды дамытуға үлес қосу қажеттілігін атап өтті.

«Іс-шара біздің кәсіпкерлердің жетістіктерін паш ету, өзара тәжірбие алмасу мен өндірісті кеңейтуге жақсы мүмкіндік береді. Еліміз шағын және орта бизнесті дамытуға қажетті жағдайды ұсынуда. Қаламызда арнайы экономикалық аймақ та бар»,- деді Алматы қаласының әкімі, ¤Бауыржан БАЙБЕК. 

Үздіктердің үздігі қатарында былғарыдан ұлттық нақышта аяқ киім жасап шығаратын Әсел Өмірзақованың шағын кәсібі. Мына ою-өрнектермен әспеттелген өнер туындысын жасау технологиясы ерекше және ол құпия сақталады. Ал, кәсіпкердің айтуынша шеберханада небәрі 4 адам жұмыс істейді екен. 2,5 жыл бұрын ашылған кәсіпті одан әрі дамыту үшін қалалық қолдау білдірген. 

«Акиматта конкурс жүріп жатыр инновационный. Гранд беріліп жатыр 3 млн есебінде қайтарымсыз деп. Соған конкурсқа қатыстық. Сол жерден 3 млн теңге гранд ұтып алдық. Ол грандқа біз оборудование алдық»,- деді Кәсіпкер, Әсел ӨМІРБЕКОВА. 

Өңірлік көрмеде жүлделі орын алған бірқатар кәсіпкер енді Республикалық байқауға қатысады. Олардың қатарынада 19 жылдық тарихы бар «Бижан» ет өндейтін зауыты кезекті рет сапалы тауар топтамасын ұсынып, «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша жүлделі бірінші орынды иеленді. Зауыт өнімдері бүкіл республикаға жөнелтіледі әрі Ресейге экспортталып жатыр. 

«Бұл наградалар біздің еңбегіміздің жемісі. Осындай наградалар Президентіміз қолдаған. Бізге жұмыс жасауға ары қарай күш-қуат береді»,- деді Ет өндейтін зауыттың бас директоры, Қадиша БИЖАН. 

Жеңімпаз атанғандар қатарында 29 жыл бойы радиация мөлшерін өлшейтін құрылғы шығарумен айналысатын «СОЛО ЛТД» компаниясы. Кәсіпорын «Өндірістік бағыттағы үздік тауар» номинациясын қанжығасына байлады. 

«Біздің құрылғылар үлгісі әлемде жоқ бірегей десем артық айтпаймын. Өйткені біздің ғалымдар, инжинерлер жалпы көптеген өз ісінің мамандары біріге отырып бірнеше радиация өлшейтін технологияны ойлап тапты. Қазіргі уақытта біздің құрылғылар өзге мемлекеттерде де сұранысқа ие»,- деді Компанияның техникалық директоры, Владимир АБОЛЕНЦОВ. 

Байқауға алғаш рет қатысып отырған инновациялық замануи жобалардың бірі «смарт-пост». Қазіргі уақытта бизнес өкілдеріне қолайлы және тиімді дейді жоба авторлары. Құрылғанына 1 жылға жуық уақыт болса да аталған кәсіпорын 2-ші орынға ие болды. Айта кету керек, бұл бастама ТМД елдері арасында алғаш рет тек Қазақстанда жүзеге асырылған. 

«Тиімділігі ең біріншіден ол біріншіден баға. Біздің тауарымыз 10 есе арзан импортқа қарағанда. 100 пайыз Қазақстанда жасалған»,- деді Компанияның бас директоры, Олжас ҚҰНДАҚБАЕВ.¤

Тауардың сапасына әділ баға беретін тұтынушы әрине. Мұны әрбір өндіруші түсінуі шарт дегенді қала басшысы Бауыржан Байбек тілге тиек етті.

«Тек сатып алушы яғни клиент әділ баға береді. Әрине конкурс ұйымдастырып, кәсіпкерге алдағы жұмысына дем беру қажет. Дегенмен, сіздердің әділқазыларыңыз тұтынушы екенің ұмытпаңыздар. 

Жүзге жуық Отандық өнім ұсынылған көрме-байқауда жолдама алған 9 кәсіпорын енді республикалық деңгейде бақ сынайды. Экономикалық климаты бизнеске жағымды Алматының кәсіпорындары халық назарына ұсынған әрбір тауар жоғары бағаға лайықты. Өйткені, бұл шараға тек үздіктер бой көрсетті.

Нұрсұлтан Біләл, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы.