|
01.02.2017 | 11:02
1478

Мемлекет басшысы халыққа арнауын жазбаша түрде жеткізді

Бұл жолы мемлекет басшысы халыққа арнауын жазбаша түрде жеткізді. Әрине, Жолдаудың басым бөлігі әлеуметтік тақырыптыды қамтиды. Биылғы жылдың өзінде «Нұрлы Жер» бағдарламасы жүзеге асады, оның аясында 1 жарым миллион отбасы баспанамен қамтамасыз етілмек.

Өткен Жолдаулармен салыстырғанда, биылғы құжатта ел экономикасының дамуына айрықша басымдық берілген. Мемлекет басшысы Үкіметке бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеді. Атап айтсақ, экспортқа бағытталған саясат бойынша кеңес құру және біріңғай экспорттық стратегияны жасау. Бюджет қаражатын рәсуа қылмай, бизнес ортаны кеңейту. Елбасы Жолдауындағы стратегиялық мақсаттардың бірі - елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету.

«Жолдау экономиканың барлық салаларын дамытуды көздейді. Онда өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені және Алматы қаласын дамытудағы ең негізгі бағыттар қарастырылған. Одан бөлек, бұл мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке де жаңа серпін береді», - деді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Алма ТҰРЛЫБАЕВА.

Өз Жолдауында мемлекет басшысы тек 2014-2016 жылдар аралығында экономиканы қолдауға қосымша 1,7 триллион теңге жұмсалғандығын мәлімдеді. Мұның барлығы экономикалық өсімді және бизнесті қолдауға, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Елбасы жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша мән берілген.

«Біз сандық технологияларға негізделген, болашағы зор бағыттарға айрықша мән беретін боламыз. Ал білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және баспанамен қамтамасыз ету сияқты маңызды салалар қашанда басты назарда қала бермек», - деді  Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін арттырылады, ал бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20%-ға өсіріледі. Сондай-ақ мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізіле бастайды. Жолдауда әлеуметтік қамтамасыз ету саласына да ерекше көңіл бөлінген.

«Еңбек нарығын жаңа күннің талабына сай қайта құру қажеттігін ұсынып отыр. Бұл дегеніміз - алдымызға көптеген міндеттер қояды. Әсіресе, білім беру саласында, жалпы бизнес саласында жаңаша бұрын Қазақстанда болмаған жаңалықтарды енгізу мәселесі көтеріліп отыр», - деді  саясаттанушы Сейілбек МҰСАТАЕВ.

Елбасы өзінің ел халқына арнаған Жолдауында еліміздің үшінші жаңғыруының 5 негізгі басымдықтарын айқындады. Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келетінін айтты. Сөйтіп, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырды.

«Біздің елдегі 30-дан астам банктердің тең жартысына жуығы мобильді банкинг арқылы жұмыс жасайды. Қазақстан бұл бағытта да алға жылжып келеді. Көбі мұны қолданып та жүр, технологиялар қарқынды дамуда. Электронды коммерцияға келетін болсақ, бұл расымен де өте ыңғайлы», - деді Қазақстанның интернет бизнесі мен мобильді коммерциясы қауымдастығының президенті Константин ГОРОЖАНКИН.

Қауіпсіздік ахуалы қуатты және әрекет ете алатын мемлекеттің өлшеміне айналып келеді.Киберқылмыспен күрестің өзектілігі барған сайын арта түсуде.

Елбасы халыққа Жолдауында Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалыптастыру шараларын қабылдауды тапсырды.

Сая Меңдеке, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы



Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир