Ыңғайлы мобильді
қосымшаны қолданыңыз:
cоңғы жаңалықтар, видео-материалдар және телебағдарламалар

Су тасқыны салдарынан зардап шеккен Атбасар ауданы ақырын қалпына келе бастаған

Теріскейден теріс аққан су тасқыны қалың елді әбден әбігерге салды. Табиғаттың қиқар мінезінен зардап шеккен Атбасар тұрғындарының есі шығып жатыр.  Тасқыннан зардап шеккен  454 үйдің 269-ы  Атбасарға тиесілі. Төтеншеліктердің көмегімен 1370 адам қауіпсіз аймаққа көшірілген. Бүгінгі таңда білім ордасын паналаған ауыл тұрғындарына алдағы уақытта пәтер жалдауға тура келеді.


2003 жылы Атбасар ауданының орталығына көшіп келген Ардагер табиғаттың тосын мінезін бірнеше рет байқаған. Ол кезде су тобықтан аспайтын дейді. Ал мына соңғы тасқын ауыл тұрғындарын есеңгіретіп жіберген. Уақытша білім ордасын паналап жатқан отбасының болашағы бұлыңғыр. Су астында қалған баспананың бұдан кейін пана болары күмәнді.  


«Менің жатқаныма 2 күн болды. Кешеден бері анда қондым, мында қондым. Дамбадағы ол күл төкті. Күл төккен олай болмайды. Істегесін  дұрыстап істеу керек еді», - деді ауыл тұрғыны Ардагер НӘБИТХАН.


Алдын алу жұмыстары ойдағыдай қолға алынғанымен Жабай өзені арнасынан тасып, Атбасар мен Сандықтау аудандары су астында қалған. Төтенше жағдай режимі жарияланған болатын. Салдарынан елеулі зардап шеккен Атбасар ауданында 454 үйді су басып, 1 307 адам қауіпсіз аймаққа көшіріліпті. Қазір осыған байланысты Ішкі істер министрлігі қылмыстық іс қозғаған.


Іс насырға шапты. Үкімет басшысы істі тікелей өз бақылауына алып,  Ақмола облысының әкімі Мәлік Мұрзалинге сөгіс жариялаған еді. Демек, аудан әкімдерінің жауапкершілігі екі-үш есеге өсіп отыр. Осыған орай, Атбасар ауданының әкімі табиғи апатты еңсеру үшін барлық шараларды қолданғанын алға тартты. Айтуынша, 2015-2016 жылдары болған су тасқынынан кейінде аймақты қайта қалпына келтіру жұмыстары жасалған. Бөгет бұзылды десек, бұзылған бөгет емес үйілген топырақ ғана. Ақшаның жеткені осы дейді әкім.


«Оны дамба деп кім айтты. Бұл жоспарлы смета бойынша күл, сары топырақ сынды заттарды  нығыздау арқылы жасалған шағын қорғаныс қана. Ақпарат Сағынтаев пен Ішкі істер минстрлігіне дұрыс жетпеген. Оның басты себепкері Ильин. Өйткені, ол  жағдайды жан-жақты сараламай жатып, теріс ақпарат таратты», - деді Атбасар ауданының әкімі Андрей НИКИШОВ.


Ішкі істер министрі өз тарапынан Атбасар ауданында бөгеттерді салу барысында қандай бар шикілік анықталатын болса, оған жауапты жергілікті әкім екенін атап өткен еді.


«Бүгінгі таңда осы жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бөгеттердің  құрылысы мен оны іске қосуға қатысты мән-жәйттар қаралатын болады. Тексеру біткеннен кейін қорытынды белігілі болады», - деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий ИЛЬИН.


Ал, Атбасар ауданының әкімі Андрей Никишов өз тарапынан кеткен қате жоқ екенін дәлелдеп беруге дайын. Тіпті қажетті құжаттардың бәрін тас түйін етіп реттеп қойдым дейді.


«Қазіргі кезде кінәліні анықтау қолға алынған. Мен барлық құжаттарды, қалай уақытша бөгеттің салынғанын көрсеттім. Бұл бөгет аз ғана уақытқа шыдайтын құрылыс қана. Ертең қайта жасау керек болады», - деді Атбасар ауданының әкімі Андрей НИКИШОВ.


Теріскейдегі тасқынның қаупі сейілген жоқ. Атбасарды жайпап өткен су енді Астана маңайындағы елді мекендерге жеткен. Демек, Елордадан 50-100 шақырым қашықтықта орналасқан Семеновка мен Старый Холотон ауылы су астында қалғанына бірнеше күн болыпты. Белгілі болғандай Семеновкада 30-ға жуық отбасы қайда барарын білмейді.  


«Бізде 30 жуық үй су астында қалды. Тізеден асқан су 3 тәулік бойы қатпай қойды. Мұндай жағдай 30 жыл бұрын болған еді. Жағдай қайталанды. Біз дайын болмадық. Көлікте ұйықтауға тура келіп отыр.Үйді күзетпесек, ұры-қары түсе ма деп қорқамыз», - деді Семёновка ауылының тұрғыны Алина ГАРИЗАНОВА.


Жағдайдың шынайылығын білу үшін біз елді мекеннен кетпей түнге дейін барлау жұмыстарын жүргіздік.Техника мен адам санын анықтауға тырыстық. Әкім айтқандай, қара құрым жұмысшының шет жағасы көрінбеді. Тек 5-еудей су соратын көліктердің ғана  жұмыс істегенін көзіміз шалды.


«Су басты. Үйіме кіре алмай қалдым. Ешкімге ештеңе керек емес. Мектеп директоры бізге уақытша білім ошағынан бөлме берген болатын. Бірақ қайдам баспанамызды күзетуге тура келіп отыр.Ары қара не болатынын білмеймін. Жағдайымыз өте қиын.Өтініш, бізге көмек көрсетіңіздерші», - деді Семёновка ауылының тұрғыны Скаковский БРОНИСЛАВ.


Су тасқыны салдарынан зардап шеккен Атбасар  ауданы қазіргі кезде ақырын қалпына келе бастаған. Төтеншеліктер жіті бақылауға алып, бүгінгі таңда 23 полиция қызметкері мен 400 жуық адам халыққа көмек көрсету жұмыстарымен айналысып жатыр. Киім-кешекпен уақытша  тұратын баспана мәселесі жергілікті мекеме басшыларының көмегімен алдаға уақытта жүзеге аспақ.


Назым Мәлікқызы, Бауыржан Қажақанов, «Алматы» телеарнасы Ақмола облысынан