Ыңғайлы мобильді
қосымшаны қолданыңыз:
cоңғы жаңалықтар, видео-материалдар және телебағдарламалар

Әлемде жүздеген компьютер тонаушы-вирустың бұғатына түсіп қалды

Әлемде жүздеген компьютер тонаушы-вирустың бұғатына түсіп қалды. Зиянды вирус жеке компьютер қолданушыларының бағдарламаларын құлыптап, есесіне файлды қайта ашу үшін биткоин түрінде 300 АҚШ доллар құн сұрайды. Ең алдымен кибершабуыл Украина елінде байқалып, ондағы Үкіметтік компьютерлерден бастап 30-ға жуық банктың, сауда орталықтары мен әуежай, метрополитен сияқты ірі мекемелердің электронды жүйесін істен шығарған. Ал ресейлік сарапшылар вирусты ойлап табушылар соңғы рет мамыр айында бүкіл әлемді бұғаттап тастаған WannaCry вирусының әдісін қолданғандығын айтуда.

«Сілтемені ашқан кезде компьютерге вирус жұғып, бір желіде байланысқан басқа да компьютерлерге зарар келтіреді. Жүйе зақымданған соң Petya деп аталатын шифрлаушы вирус жүктеледі. Бірақ бұл бұрыннан бар әдіс, яғни хакерлер сол шифрлау әдісі арқылы вирусті тікелей таратудың бір тәсілін ойлап тапқан болуы керек», - деді GROUP-IB киберқауіпсіздік бойынша сарапшысы Сергей НИКИТИН.

Сондай-ақ зиянкес жүйе Ресейге таралып, одан Румыния, Ниделанды, Норвегия және Ұлыбритания секілді батыс елдерін жайлаған. Ал елімізде аталмыш кибершабуылға байланысты ешқандай дерек тіркелмепті.

«Әзірге бұл вирус Қазақстан еліне әлі ене қоймады. Дегенмен қолданушылар қарапайым қауіпсіздік шараларын атқару керек. Күдікті және бөгде сілтемелерге кірмеуге және антивирус құрылғысын жаңартып отыруға кеңес береміз», - деді «Кибер шабуылдарды сараптау және зерттеу орталығы» ЗТБ президенті Олжас САТИЕВ.