|
03.02.2017 | 10:43
1683

Универсиада қазақ абыройын асқақтатып, табысқа кенелткен жарыс болды

Биылғы Универсиада  қазақ абыройын асқақтатып, толайым табысқа кенелткен жарыс болды. Сайыстың бел ортасына енді келдік. Бірақ біздің қоржын қазірдің өзінде түрлі жүлдеге толы. Осы тұста, мұқым жұртты қуантқан спортшыларымыз туралы сөз етпеу  әсте әбестік. Айтпағымыз, Жанбота Алдабергенова туралы. Небәрі 21 жастағы бұрымды шеберлігін шыңдап, шыңға өрмелеп келеді. Тіл-көзіміз тасқа, қаршадай қазақ қызы қазанаттай жарап тұр қазір. Оның осыған дейін жеңген жарыстары, таққан жүлделері көп.

Ұршықша иіріліп, икем машықтау - қарлы шыңнан қарғып түсудің өзегі. Қарсыласты қапы қалдырғың келсе, дедектеу керек осылай. Батутта жаттыққандар, аяққа нық тұрады, ширақ әрі шапшаң келеді. Талассыз жеңісімен қазақты қуантқан тұрымтайдай қыз - Жанбота Алдабергенова дүбірлі додаға осылай дайындалған. Төгілген тердің ақталарына кәміл сенді. Жалғыз мұраты - жарыс жолына жалқы жету еді.                                             

«Көңіл-күй жақсы. Кішкене қобалжу бар. Жауапкершілік мол. Дайындығымыз жақсы», - деді Универсиада-2017 ойындарының жеңімпазы Жанбота АЛДАБЕРГЕНОВА.

Өзіне сенген Жанбота - ел сеніміне де селкеу түсірмеді. Аруымыз алғашқы аламанда мәреге 3-ші болып келіп, қола жүлдені қанжығасына байлаған еді. Ол кезде қазақ қызы - қайсарлық танытып, қалай да алтын алуға бекем екенін мәлімдеген.          

«Бәрі жақсы. Суперфиналға кірдік. Орындарға 4 адам таласады. Тырысамыз», -деді Универсиада-2017 ойындарының жеңімпазы Жанбота АЛДАБЕРГЕНОВА.

Айтты - сөзінде тұрды. Ерге тән мінез танытқан Жанбота, ертесі күні-ақ, Бағлан Іңкәрбекпен бірігіп, қос қытайлық ұжымды қапы қалдырып, тұғырдың биігінен көрінді. Олар фристайлдың суперфиналында 165,05 ұпай жинап, жанкүйерлерді қуантты.                

Жанбота  Алдабергенова Шымкентте тұрады. Білімін де сол шаһарда жетілдіріп жүр. Осыған дейін халықаралық жарыстарға қатысып, топты да жарған. Жіпке тізсек, осыдан 2 жыл бұрын Италияда өткен әлем біріншілігінде жеңімпаз болды. Еуропа кубогын сан рет еншілеген. Қысқасы, келешегі кемел жан. Қайсар қыз ендігіде екпінін үдетіп, қарқынын артырмақ. Ал, қараша жұрт Жанботаға қашанда тілеулес.

Дастан Сейілханұлы, "Алматы" телеарнасы     

                     

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир