Ыңғайлы мобильді
қосымшаны қолданыңыз:
cоңғы жаңалықтар, видео-материалдар және телебағдарламалар

Алматыда 2022 жылға дейін инвестиция тартудың стратегиясы бекітілді

Алматыда 2022 жылға дейін инвестиция тартудың стратегиясы бекітілді. Арнайы жүргізілген зерттеудің нәтижесінде үш салаға инвестиция тарту керектігі анықталған. Олар: туризм, сауда және тамақ өнеркәсібі. Бүгінде инвестиция мәселесін шешуде нарық ауқымы, жұмыс күші, қауіпсіздік пен ашықтық басты факторлар болып отыр. Мұндай жоба шаһар әкімі Бауыржан Байбектің төрағалығымен өткен инвесторлар тарту мен инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысында талқыланды. Айта кетейік, жыл басынан бері қалаға тартылған кіріс көлемі 13 пайызға өсіп, 400 миллиард теңгені құраған. Ал жекеменшік инвестиция мөлшері 80 пайызға жуықтапты.


«Біз бизнеске барынша мүмкіндік жасауды көздеп келеміз. Кәсіпкерлерге қажетті жағдай туғызып, бір терезе қағидасы бойынша жұмыс жасауға, әкімшілік кедергілердің неғұрлым аз болуына, жемқорлыққа жол бермеуге барынша мән береміз. Біз қала қонақтары үшін ғана емес, тұрғындардың да өмірін жақсартуға, қаланың таза, ыңғайлы әрі жайлы болуы үшін тырысып келеміз», - деді АЛматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.


«Алматыда жеңілдетілген несие арқылы мыңдаған жоба қолдау табуда. Индустриализация Картасына жалпы көлемі 600 мың АҚШ доллары болатын 100 жоба енді. Бұл 12 мың жұмыс орнының құрылуына себеп болмақ. Инновациялық технологиялар аймағы да жұмыс істейді.  Мұнда өндіріс орындары жеңілдетілген дайын инфрақұрылымдарды пайдалана алады», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмас МӘДИЕВ.


Инвестстратегиясы төрт бағытты қамтиды. Кеңестің құрамына мемлекет басшысының тапсырмасы  бойынша, халықаралық қаржы ұйымдарының, шетелдік  қауымдастықтар, консалтингтік және заң компанияларының өкілдері, ірі шетелдік және қазақстандық кәсіпкерлер енген.