Ыңғайлы мобильді
қосымшаны қолданыңыз:
cоңғы жаңалықтар, видео-материалдар және телебағдарламалар

Алматыда 42 шақырым суағар қайта жөндеуден өтеді

Алматыда сел жүру қаупі бар өзен аңғарларының маңында орналасқан үйлердің іргетасы қатайтылып жатыр. Жұмыс сапары барысында қала басшысы Бауыржан Байбек осындай бірнеше орынды өзі аралады. Биік беткейлерді мықтылау жұмыстары «Кіші Алматы» өзені бойындағы Волочаевская мен Таиров көшелерінде және «Бағанашыл» ықшамауданында жүргізіледі. Бұл учаскелерде мықты қорғаныс қабырғалары орнатылады. Шатқалдарды бекіту  жұмыстары жоспар бойынша қазан айында аяқталмақ. Беткейлері биік 3 ауданда топырақтың сейсмикалық жағдайға төзімділігі мен құрамына қарай тірек қабырғалар жасалады. Қазіргі кезде арна аңғарларынан қоқыс сыртқа шығарылып жатыр.

Сондай-ақ биыл Алматыда ұзын-ырғасы 14 шақырымнан асатын арық желілері жүргізіледі. Ал 57 көшедегі 42 шақырым суағар қайта жөндеуден өтеді. Қазір «Алғабас» ықшам ауданындағы бірнеше көше бойында арықтар қазылып жатыр. Наурызбай ауданында да 4 шақырымнан асатын суағар жүргізіледі.  Өйткені, бұл көшелерде бұрын арық жүйесі мүлде болмаған. Барлық жұмыс алдағы қазан айында толық аяқталмақ. Бүгінгі таңда қалалық әкімдікке 8 ауданнан ұзындығы 500 шақырым болатын 488 көшеге жаңа арықтар мен жауын канализацияларын салудың құжаттарын дайындауға өтініш түскен.