«Бала дауысы» байқауы Алматыға жетті

Жас таланттарды анықтауға бағытталған ұлттық «Бала дауысы» байқауы Алматыға жетті. Өзінің вокалдық қабілетін көрсетуге мыңнан аса оқушы жиналды. Ауқымды жоба Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қорының бастамасымен жүзеге асырылып жатыр.

Дамир бұған дейін талай байқауларда бағын сынап көрген. Тіпті республикалық, халықаралық сайыстарда жүлделі орынға қол жеткізіпті. «Бала дауысы» ән додасына алғаш рет қатысып отырмын дейді. Болашақта елімізді әлемге танытқан әнші Димаш Құдайберген сынды танымал болуды армандайды.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақалды айтқандай, еңбек ету керек. Осындай жүлдеге жету үшін еңбек ету керек», - деді байқауға қатысушы Дамир МУСЛИМОВ.

Алматыда өткен іріктеу турына Дамирмен қатар, мыңдаған бала келген. Арасында музыкалық мектепте оқып жүргендері де, вокалмен айналыспайтын оқушылар да бар. Үміткерлердің барлығы 5 адамнан топқа бөлінген. Оларға сайысқа дайындап келген екі әнді орындауға мүмкіндік беріледі.

Дарын бұл күнді ерекше күтті. Бүгінгі іріктеу турында ол танымал әнші Батырхан Шүкеновтың әнін орындады. 12 жасар оқушы бұл әнді кездейсоқ таңдамапты. Бүгін халықтың сүйікті орындаушысы тірі болғанда 55 жасқа толар еді. Үйде талай дайындалған ол қазылар алқасының алдында қожалжыды.

«Басында оңай деп ойладым. Содан кейін жақындаған кезде жүрегім соғып, қорқа бастадым. Бірақ өзім өттім. Соған қуанамын», - деді байқауға қатысушы Дарын ДӘУЛЕТХАН.

Ауқымды жоба ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы байқау бұрынғыдан өзгеше. Еліміздің 14 облысы мен 2 қаласында өткен іріктеуден өткен 16 балаға жасына сай жаңа ән жазылады. Олар алдымен тәлімгерімен, кейін жеке өзі қазақ және шет тілінде ән шырқайды.

«Жылдан-жылға балаларымыз көбейіп келе жатыр. «Бала дауысы» деген байқауға барлықтарының құштарлығы, қызығулары өте көп. Сондықтан өте қуаныштымыз. Бізге де балалармен жұмыс істеу өте қызық», - деді Қазылар алқасының мүшесі Айжан КЕРІМҚҰЛОВА.

Республика бойынша жас өнерпаздарды іріктеу маусымның 22-сінде аяқталады. Үздіктердің үздігін қазылар алқасы мен көрермендер дауыс беру арқылы таңдайды. Ән додасының жеңімпазы Париж қаласындағы Диснейлендке жолдама беріледі. Оған қоса, еліміздегі үздік оқу орындарының бірінде оқуға грантқа ие болады.

Перизат Көмекбайқызы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы