Алматыда жауаптылар 4 үйдің газын өшіріп кеткен

Көгілдір отын қапыда сөнді. Алмалы ауданының тұрғындары арнамызға хабарласып, осындай базыналарын айтты. Мұңын мұңдайтын адам табылмаған соң, тілшілеріміз уәжі көп жұрттың жағдайын түсіруге барды. Сөйтсе, жауаптылар 4 үйдің газын өшіріп кеткен екен. Ондағысы, әр тұрғынның берешегі - кемі 2 млн теңгеге жуықтапты. Алайда, көгілдір отыннан қағылғандар - газды қосқанда ақша төледік деп, ұлардай шуылдап отыр.

Мәселенің анық-қанығын білмекке, әріптестерім жауапты мекемеге барды. Ондағылар: "тұрғындар газды қостырғанымен, ай сайынғы төлемді мүлде жасамады" деп отыр. Анығында солай екен. Оның үстіне, әр үйдегі газ құбырларына есептеуіш құралдарын орнатып, пломба жабыстырып кетеді. Бірақ, тұрғындар оларды жұлып тастайтын көрінеді.

«Ақырында, тараптар бір мәмілеге келді. Тұрғындар осыған дейін жинаған берешектерін бірте төлеуге келісті. Ал, жауапты мекеме газсыз қалғандарға ертеңнен қалмай, көгілдір отын беретін болып шешті»,- деді "Қазтрансгаз аймақ" АҚ Алматы өндірістік филиалының директоры, Шалқар ОМАРБЕКОВ.