Ыңғайлы мобильді
қосымшаны қолданыңыз:
cоңғы жаңалықтар, видео-материалдар және телебағдарламалар

Астанада 90-нан астам пәтер иесі баспанасыз қалуы мүмкін

Астанада 90-нан астам пәтер иесі баспанасыз қалуы мүмкін. Мәселе Тілендиев көшесіндегі «Ұлытау» тұрғын-үй кешені турасында. Қолында тиісті құжаттары бар, екі-үш жыл бойы тұрып келе жатқандар баспанасыз қалудың аз-ақ алдында тұр. Ал жағдайдың туындауына көп қабатты үйді салған «Ромул» атты құрылыс компаниясы мен екінші деңгейлік банк арасындағы қаржылық дау себеп.


Астанадағы Тілендиев көшесі 36-шы үйдің 90 тұрғыны бес айдан бері мазасыз. Жарқын Сұңғатов да солардың қатарында. Өйткені, олардың пәтеріне кіруге белгісіз себептермен тыйым салыныпты. «Неге» деген сұрақпен бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Ешкімде жауап жоқ. Тіпті, құзырлы органдар да үнсіз.

«Бала-шағамызбен қайда барамыз. Ол 10 милионның жартысын жинағанбыз өмір бойы жұмыс істеп. Астанада білесіздер ғой, таңның атысынан, кештің батысына дейін жұмыс істеп, сол бір пәтерге деген ақшамызды жинап тұрық. Енді осындай жағдай болып тұр. Кімге шағымданамыз, кімге барамыз білмейміз, шыны керек. Осындай жағдай болып тұр. Кірістер комитеті жұмыс жасап жатырмыз, тексереміз, дейді жаңағы тергеуші жігіт. Ол енді ешқандай жауап жоқ. Телефонына звондасақ, ол кісі алмайды», - деді  Жарқын СҮҢҒАТОВ.

«Құрылыс компаниясы сұрақтарға жауап бермейді. Әр сұраққа уайымдамаңыздар деген жауаппен қайтарып жібереді. Қалай уайымдамайсың? Осындай жағдай боларын білгенде бұл жерден үй алмас едім», - деді Гүлден РАХИМОВА.

«Неге тыйым салынды?» деген сұраққа Мемлекеттік кірістер комитеті жауап қатты. Кезінде астаналық «Ромул» құрылыс компаниясы «Еуразиялық» банкінен үй салуға ипотека алады да, уақытылы төлемейді. Қаржы ұйымы сот орындаушылары арқылы «Ұлытаудан» басқа, құрылыс компаниясын тиесілі өзге де 6 нысанына тыйым салған. Бұл жағдай Тілендиев көшесіндегі 36-шы үй тұрғындарын пәтерлері заңды, әрі өз атына аударғанына қарамастан орын алып отырғаны да шошытады.

«Әр адамның басындағы пәтер мәселесі қиын жағдай ғой. Қылмыстық процессуалдық- кодексте істің жабық күйде қаралуы ол да қарастырылған. Өйткені, ол құпия ретінде сақталуы керек.Және тек қана прокурордың рұқсатымпен ғана біз бере аламыз. Барлық адамдар белгілі. Тек қана ол уақыт қана керек. Өйктені, тергеу амалдарының саны көп және көлемі де, қиындығы да. Сондықтан уақытты талап етеді», - деді  ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің бас маманы Ерден ЖҰМА.

Біз «Ромул» құрылыс компаниясын жағдайын да білгіміз келді. Алайда, сайтта көрсеткен телефон нөмірі қате болып шықты. Тұтқаны көтерген азамат мұнда ондай компания жоқ деп, қысқа қайырды.  Ал басшысы Служаеваға қатысты әу баста қылмыстық кодекстің 249 -шы бабы, яғни «Заңсыз несие алу» деп бойынша іс қозғалса, кейін «Алаяқтық» деген бабқа ауыстырылған.  

Біз орын алған жағдайға орай үшінші тараптың пікірін білу үшін банкке хабарласқан едік. Бір апта бойы күткен жауапта: қаржы ұйымы өкілдері бұл жағдайды банк құпиясы деп сылтауратты. Дегенмен, нақты жауап ала алмағанымызбен біз мәселені толыққанды шешілуінше бақылауда ұстаймыз.

Нұржан Сәдірбай, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы Астанадан