Шымкентте үй жарылысынан қаза тапқан әйел жер қойынына тапсырылды

Шымкентте үй жарылысынан қаза тапқан әйел жерленді. Оқыс оқиға өткен демалыста болған еді. Қаладағы қос қабатты үйлердің бірінде жарылған газ баллонынан ескі там толықтай қирап кеткен. Бірнеше адам үйінді астында қалып, 26 жастағы Сабина Орынбаева оқиға орнында қайтыс болған. Қапыда болған апаттан жарақат алған тағы 2 адам қазір ауруханада жатыр. Олардың әрқайсысына 226 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілмек. Мұны оқиға орнына барып, ондағы ахуалмен танысқан өңір басшысы Жансейіт Түймебаев мәлімдеді.


«Түнгі сағат 3-те мұндай нәубетті ешкімнің басына бермесін. Атылған кезде, ештеңе есімде жоқ, әйелім шыңғырып тұрған кезде мен өзім шоковый состояниеге келдім. Мына жақтан атылған нәрсе, жататын бөлмеге жетіп, бәрін талқандап тастады. Ештеңе көрінбейді. Ол қалай шықты, неден шықты. Ол экспертизаның қорытындысынан келеді»»,- Үй қожайыны, Аманбек САУЫРБАЕВ.


Жарылыстың қатты болғаны сонша, мұны көршілер де естіп шошыған. Үйдің құлаған бөлігінің бірінші қабатында бір әйел, екінші қабатында үш адам болған. Оның бірі - 2015 жылы туылған Аружан Дауылбай. Ал бесікте бөлеулі жатқан сәби аман қалған. Оның анасы 26 жастағы Сабина Орынбаева оқиға орнында қайтыс болды.


«Енді жатқанымыз сол еді. Паааах ете қалды. Кәдімгі атылыс болғандай атылды. Қайынымыз екеуіміз жүгіріп шықтық. Қарасақ, үй опырылып жатыр. Ойбай кішкентай баласы мен келіншек тұратын үй деп. Одан барлық көршілер шығып, қолмен қаза бастадық»»,- деді Индира БОЛЫСБЕКОВА.


Оңтүстік Қазақстан Облысы Төтенше Жағдайлар департаментінің шұғыл кезекшілеріне үйдің опырылып құлауы туралы хабар келіп түсе салысымен, оқиға орнына бірінші болып жеке құрамында 11 адам және 2 техникасы бар жедел-құтқару жасақтың құтқару бөлімшесі келіп жеткен. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде үйіндінің астынан 4 адам шығарылып, олардың 3-і ауруханаға жеткізілген, 1 адам ауруханаға барудан бас тартты.


«2017 жылдың 8 қаңтарында Төтенше жағдайлар департаменті шұғыл басқару пультіне хабар келіп түсті. Құтқарушылар 04.25-минутта 2015 жылғы сәбиді үйдің асытанан шығарып алды. 4 минуттан кейін сол сәбидің әкесін 1987 жылғы азамат шығарылды. Құтқарушылар сәбидің анасының өлі денесін үйіндінің астынан шығарып алды»,- деді ОҚО ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобының жетекшісі, Зарипа ТҰРЫСБЕКОВА.                 


«Ауруханаға таңертең 4:45-те Орынбаева Әсия деген науқас жедел жәрдем көмегімен алынып келінді. Үйінде газ баллоны жарылып, содан үй құлаған. Келген кезінде жағдайы өте ауыр болды. Науқасқа ота жасалып, іш құрылысында селезенкасы жарылып, ішіне қан кету болған. Бас ми жарақаты, ми шайқалуы, кеуде қуысының қысылуы диагнозы қойылған. Қазір жағдайы отадан кейін ауыр, бірқалыпты. Реанимация бөлімінде ем қабылдауда»,- деді Шымкент қалалық жедел жәрдем медициналық ауруханасының хирург – дәрігері, Талғат ШӘУЕНОВ.

 

Шымкенттегі қираған үйден зардап шеккен әр отбасыға 226 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілетін болды. Бұл туралы өңір басшысы Жансейіт Түймебаев мәлімдеді. Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша, төтенше жағдайдың себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылатын болды. Ал, баспанасыз қалған адамдарды уақытша басқа жаққа көшіру мәселесі де қарастырылуда.


«Қазір барлық зардап шеккен азаматтарға уақытша үй беру мәселесі шешіліп жатыр. Қайтыс болған азаматшаны жерлеу жұмыстарының барлығы сол ұйымның атынан өз мойнына алынды. Бұл жерде екі жанұя тұрып жатқан. Екеуіне де қажетті әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұдан кейін де комиссия шешім қабылдағаннан кейін қосымша көмек көрсетіледі»,- деді Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ.


Қазір төтенше жағдайға қатысты барлық тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Арнайы комиссия мұның бәрін анықтап білетін болады. Алдын ала мәліметтер бойынша, үйдің құлауына газ құралдарын орнатқан кездегі қателіктер себеп болған.


Сая Меңдеке, «Алматы» телеарнасы