|
04.05.2017 | 11:02
1651

Қазақстандық кәсіпқой қос боксшы Англияға аттанбақ

Қазақстандық кәсіпқой қос боксшы Англияға аттанбақ. Олар 12 мамыр күні Саутгемптон қаласында өтетін әлемдік бокс кешінде өнер көрсетеді. Алматыдан ат арытатын спортышлардың екеуі де чемпиондық атақтан үмітті. Былғары қолғап шеберлері соңғы дайындықтарын пысықтады.  Олар жаһандық жарыста қазақ елінің жалауын желбіретуге тас-түйін дайын отыр.

Бапкердің айтқанын екі етпейтін қос серкеміз осылар. Үш айдан асты олардың табанды түрде жаттығып жатқандарына. Маңдайды қара тердің жуғаны түк емес, бастысы - ел үміт ақтау. Қазақ атын тағы бір мәрте ұшпаққа шығару. Осы мұратты желеу еткен Ернар қарсыластың қыр-сырын толық меңгеріпті. Оның бокспен шұғылданып жүргеніне 11 жылға жуықтаған. Осыған дейін кәсіпқой бокста 5 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен.                  

«Алматыда Балуан Шолақ спорт кешенінде әлем чемпионы болдым. Сол кезде грузиялық боксшымен шығып, белбеуімді ұтып алдым. Англияда белбеуімді қорғап және тағы бір салмақ дәрежесінде белбеуге таласамын», - деді кәсіпқой боксшы Ернар ЕШЕНОВ.

Ернар 69 келі салмақта өнер көрсетеді. Ол 12 мамыр күні Саутгемптонда шотландиялық Майкл МакГуркамен қолғап түйістіреді. Бапкерлер біздің спортшының бабы басым дейді. Егер жеңіске жетсе, WBC Youth Silver белбеуін иемденеді. Жалаумызды желбіретуге тұманды Альбионға аттанғалы жатқан екінші мықтымыз - Александр Журавский. 32 жастағы былғары қолғап шебері осыған дейін әлемдік кәсіпқой бокста бірнеше кездесу өткізген. Шаршы алаңда қарсыластарын жапырып келеді. Қазір де шарболаттай шыңдалып алған. Ендігісі - көздеген белбеуін беліне байлау.                                                

«Британдық Стивен Даньомен жолығам. Осыған дейін онымен жұдырық түйістіріп көргенім жоқ. Оның жекпе-жектерін толық зерттедім. Бапкерлердің нұсқауын екі етпеуге тырысамын. Жеңсем WBO European белбеуін алам», - деді кәсіпқой боксшы Александр ЖУРАВСКИЙ.

Қазақстандық кәсіпқой қос боксшыны британдық промоутерлердің өздері шақырған. Өйткені, олардың былтыр Ресейде өткізген жекпе-жектері дүйім көпшіліктің көңілінен шығыпты. Қазір біздің команда соңғы дайындықтарын пысықтап, жолға шыққалы жатыр. «Албан» промоутерлік орталының басшысы  олардың ортекеше ойқастайтындарына кәміл сенеді.            

«Екеуінің де дайындығы өте жақсы. Сондықтан үтіміз бар. Алдымызда келе жатқан Жеңіс күніне арнап отырмыз», - деді «Alban» промоутерлік компаниясының басшысы Алтынбек НҰРДӘУЛЕТОВ.

Қазақ жұрты үкілеп отырған қос былғары қолғап шебері елге жеңіспен оралса, олардың әлемдік бокс рейтінгісінде дәрежелері көтеріледі. Қазірдің өзінде біздің осы екі боксшыға америкалық промоутерлер қызығып жатқан көрінеді.

Дастан Сейілханұлы, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» телеарнасы 



Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир