|
30.12.2016 | 11:11
2059

Қазақстандықтар шетелге еркін шыға алмайды

Қазақстандықтар шетелге еркін шыға алмайды. Туркодты туристік операторлар береді. Осы арқылы сырттағы қазақстандық туристердің құқығы сақталады. Қандай да бір жағдай орын ала қалса, саяхатшыларды елге қайтаруға көмектеседі. 7 қарашадан бастап енгізілген жүйеге байланысты көптеген сұрақтар да туындады. Туристік нарыққа бұл қаншалықты қажет? Әріптесім Азамат Әуезхан жауап іздеп көрді.


Жаңа заңға сəйкес, енді туризм саласындағы кез келген туристік оператор тиісті келісімге отырып, осы жүйеге қосылуға міндетті. Ал туристерді ел сыртына шығару шараларының барлығын «Туристік қамқор» қоры бақылайтын болады. Қазір Қазақстанда 1200-ге тарта туристік оператор болса, банктік кепілдеме берген 12 компания осы қор құрамына қосылған. Аталмыш қор шетелден қайта алмай қалғандарға қол ұшын созады.


«Кейбір турфирмалар, өзге елге біздің саяхатшыларды жібергенде банкротқа ұшырап жатса, енді бірі өз міндеттерін дұрыс орындамайды. Осындай жағдайлардың салдарынан өзге елдегі қазақстандық саяхатшылар елге қайта алмай қалып жатады. Сондықтан, мемлекет осындай қор құрды. Саяхатшыларымыз осы қор есебінен елге қайтарылады»,- деді Алматы қаласы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының маманы, Асхат ӘБІШЕВ.


Жаңа жүйеге сәйкес әрбір туроператор өз тұтынушысына туристік нөмір беруі қажет. Ал туркодты беру үшін, алдымен «Туристік қамқор» қорына 10 миллион теңге көлемінде банктік кепілдеме беріп тіркеледі. Бірақ, бұл жүйе туристік нарыққа қатысушылардың көңілінен шығып отырған жоқ. 


«Кепілдік, көмек беру қоры қажет әрине. Бірақ, туристерді елге қайтару ғана емес, әлі турпакеттерін пайдаланбаған туристердің шығынын өтеу үшін де қажет. Осы кезге дейін жолдама сатып алғандар, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәліменттерді оқып, шетелге шығуға қорқып отыр. Өйткені, турпакеттері заңсыз болуы мүмкін деп ойлайды»,- деді Қазақстанның туристік агенттіктер қауымдастығының президенті, Әсел НҮРКЕБАЕВА.


Қауымдастықтағылар мұны қысым деп санайды. Себебі, осы уақыт аралығында саяхатшылар саны едәуір азайған. Тіпті кей туристік компаниялар жаңа жүйе туралы мүлде білмейді. Тіпті, Туркодты кімнің беретінінен  бейхабар. Ал, кәсіпкерлер палатасындағылар бұл жүйе ең алдымен шетелдегі қазақстандық туристердің қауіпсіздігі үшін жасалғанын алға тартуда. Өйткені, соңғы жылдарда өз міндетін орындамаған туроператорлардлың кесірінен 12 мыңға жуық саяхатшымыз елге уақытында келе алмай қалған.


Естеріңізге сала кетейік, 7 қарашадан бастап, еліміздегі әрбір туроператорлар «Туристік қамқор» қорына кепілдеме қаржы құйып отыруы шарт. Бұл шетелдегі саяхатшыларымызды елімізге қайтару үшін бағытталған шара. Яғни, бір саяхатшыға бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде кепілдеме төленеді.

 

Азамат Әуезхан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы



Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир