|
28.12.2016 | 11:49
1811

Қазақстанның биылғы жылы жеткен жетістігі қандай?

2016 жыл геоссаяси текетірестер, экономикалық ахуалдың сан құбылуы күллі жұртты әбірге салғаны рас. Ресей мен Түркия, Еуропа мен Ресей арасындағы кикілжіңдер осы өңірге де, өмірге де әсер етті. Ал, Қазақстанның биылғы жылы жеткен жетістігі мен алға қойған мақсаттары қандай болмақ? Бұл сұрақтардың жауабын Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов берді.

Мешін жылында  Ұлы дала елінің  Президенті 21 елге мемлекеттік сапармен барыпты. Ал, Астанаға келген шетелдік саясаткерлердің сапары қақында  айтар болсақ, мұндай тұлғалардың саны 15-ке жеткен. Ат шалдырған белді тұлғалар 81 екі жақты келіссөздер мен 49 халықаралық іс-шара өткізген. Өздерін де, өзгені де ығыр қылған Түркия-Ресей ахуалының тігісін тегістеуге биыл Нұрсұлтан Назарбаев біраз тер төкті. Биік мінберлерден мәлімдемелер жасалды. Дүрдараз қос елді татулыққа шақырды.

«Президентіміз үнемі тығырықтан шығудың ең төте жолы  мәміле дегенді айтып келеді.  Бұл екі мемлекеттің, Қазақстанның да  мүддесіне сай келеді. Біз  екі мемлекетпен де ізгі қарым-қатынас ұстап келеміз. Әуелгіден ұстанып  келе жатқан қарым-қатынасымыз осы», - деді  ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан ЫДЫРЫСОВ.

Дүниенің төрт бұрышын аралаған Президент Нұрсұлтан Назарбаев елдің пайдасын көздеп, ірі инвесторлар тартуға көңіл бөлді. Алдағы жылы өтетін Экспоны мейлінше насихаттады. Қатысуға шақырды. Сонымен 2017 жылы 112 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым келмекші. Ақ үйдің су жаңа басшысымен де телефон арқылы сөйлесті. Қос елдің мүддесін түйістірді. Түбі бір өзбек елінің Президенті Шавкат Мирзиявпен де жағдай жақсы.

«Біздің елге келер жылдан бастап 45 елдің азаматтары визасыз  келе алады. Былтыр бұл көрсеткіш тек қана 19 мемлекетпен шектелген еді. Визасыз режимді енгізу бұл шетелдік инвесторларды тартудың  бірден бір жолы», - деді  ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан ЫДЫРЫСОВ.  

Қазақ елі 180 мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Ақ үй де басқасы да, Ақордаға  жылы қабақ танытады. 57 мемлекетте елшілігіміз бар. Ал, Астанада 95 дипломатиялық өкілдік ашылған.  Ендігі жылға мақсат -  күн-түн демей дайындалып жатқан Алматыдағы Универсиада мен  Астанадағы Экспоны абыроймен өткізу.


Айжан Шамшидин, Бауыржан Қажақанов, «Алматы» телеарнасы Астанадан


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир