|
25.01.2017 | 09:37
1332

Қысқы Универсиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан 6 спортшы қатысады

Қысқы Универсиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан жеке өнер көрсетуде Қазақстан намысын 6 спортшы қорғамақ. Әйелдер арасында Жансая Адыханова, Айза Иманбек және Вероника Шевелёва бар. Ал ерлер арасында Денис Тен, Абзал Рақымғалиев пен Артур Панихин өнер көрсетпек. Қазір барлығы алдағы бәсекеге қызу дайындалып жатыр.

Вероника Шевелёваның мәнерлеп сырғанаумен айналысқанына 10 жылға жуықтапты. Осыған дейін, жасөспірімдер арасында өнер көрсетіп, түрлі жарыстарда топ жарған. Халықаралық бәсекелерде де бағын сынап көрген. Ішкі біріншілікте үздік нәтиже көрсетіп, жақында ересектер құрамасына алыныпты. Биылғы Универсиада ол үшін - ең дүбірлі дода саналады. 

«Универсиадаға қатысатынымды естігенде, қатты қуанып кеттім. Осындай деңгейдегі жарыстарға қатысу - үлкен құрмет. Өзіме сенімді жүрмін, білетінімнің бәрін көрсете аламын деп ойлаймын. Қазір біз көптеп жаттығып, мұзайдынында көбірек уақыт өткізуге тырысып жүрміз. Тамаша көңіл-күйдемін»,- деді Мәнерлеп сырғанаушы, Вероника ШЕВЕЛЁВА. 

Спортшыға өнер көрсететін бағдарламаны дайындауға жаттықтырушы Әсем Қасанова көмектескен. Жарыстың басталуына санаулы күндер қалды. Сондықтан, талмай дайындалып жатыр.  

«Дайындық жұмысын 3 ай бұрын бастадық. Мен бағдарламаны Верониканың мінезіне, мүмкіндігіне қарай құрдым. Ол өте ұғымтал қыз. Біз оған үлкен үміт артып отырмыз. Ересектер арасындағы жарыстар ішінде бұл Вероника үшін алғашқы маңызды ойын»,- деді Жаттықтырушы, Әсем ҚАСАНОВА. 

Мәнерлеп сырғанау жарыстары «Алматы Арена» мұз сарайында өтеді. Тартысты бәсеке 1 ақпан күні қыздардың қысқа бағдарламасынан басталады. Біздің мәнерлеп сырғанаушылардан бөлек, Ресей, АҚШ, Жапония мен Кореяның спортшылары өнер көрсетеді.

Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы



Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир