ТЖМ құтқарушылары бірнеше өңірде қар құрсауында қалғандарды құтқарды

Depositphotos.com
Depositphotos.com

ТЖМ азаматтарды қыс мезгілінде жолда жүру кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

 

ТЖМ құтқарушылары бүгін түнде бірнеше өңірде қар құрсауында қалғандарды құтқарды, деп хабарлайды Almaty.tv ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Шығыс Қазақстан облысына қарасты Шемонаиха ауданындағы Убинка ауылынан 3 км қашықтықта боран салдарынан балықшылардың үйге жетуіне мүмкіндік болмаған. Сөйтіп екі жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып, ер адамдар құтқарушылардан көмек сұрауға мәжбүр болған.

"Өтімділігі жоғары техникамен оқиға орнына жедел-құтқару жасағының қызметкерлері шықты. Қар басқан ауылдық жолмен зардап шеккендерге жеткен құтқарушылар үш ер адамды эвакуациялады. Олар медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ", - делінген хабарламада.

ТЖМ балық аулауға, демалысқа шыққанда дауылды ескертулерді елемеуді ескертеді.

Сондай-ақ Қарағанды облысына қарасты Осакаров ауданының Осакаровка кентінен 5 км қашықтықта жеңіл автокөлікте келе жатқан бір отбасының (әкесі, анасы және екі баласы) көлігі істен шықққан.

"Көмек сұрағаннан кейін құтқарушылар анасы мен екі баланы эвакуациялап, Осакаровка кентіндегі Мәдениет үйі ғимаратында орналасқан жылыту пунктіне жеткізді. Әкесі автокөлікті жөндеу үшін оқиға орнында қалды. Эвакуацияланғандарға медициналық көмек қажет болған жоқ", - деді ТЖМ өкілдері.

Ал Ақмола облысындағы Қына ауылынан 10 шақырым жерде, Степногорск қаласының маңында көлік қар құрсауында қалған. Жүргізушіге құтқарушылардың көмегі қажет болды.

"ТЖМ қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, ер адамды эвакуациялап, Степногорск қаласына туыстарына жеткізді. Оған медициналық көмек қажет болмады", - делінген хабарламада.

ТЖМ азаматтарды қыс мезгілінде жолда жүру кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға және қолайсыз ауа райы жағдайларына дайын болуға шақырады.

Оқи отырыңыз: Таңертең бе, кешке ме: дәрумендерді қай уақытта қабылдаған жөн

Новости партнеров