Шымкенттік ғалымдар аты жаман ауруды емдейтін шөп тапты

Almaty.tv
Almaty.tv
Ерекше өсімдік Қостұра тауының баурайында ғана өседі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкенттік ғалымдар аты жаман ауруды емдейтін шөп тапты. Ерекше өсімдік Бәйдібек ауданындағы Қостұра тауының баурайынан анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тәттібек Жарқынбековтің емдік шөптерді зерттеп жүргеніне қырық жылдан асқан. Өсімдіктердің қыр-сырын жетік меңгерген ғалым оның көмегімен түрлі дерттің алдын алып, тіпті қатерлік ісікті де емдеуге болатінін айтты.

– Дермене тек Бәйдібек ауданында өседі. Ал мына өсімдіктер тек Қостұрада өседі. Бұл жердің климаты басқаша. Ауа айналып өткен сайын, шөптің қызуы күшейіп, оның тамырында, сабағында өте күшті минералды заттар болады. Сол заттардан дәрі жинасақ, онкологиялық ауруларға ем болады, – деді ғалым Тәттібек Жарқынбеков.

– Сорғыш спектрометрде зерттедік. Нәтижесінде әртүрлі құрамдағы органикалық емес заттардың оннан астам элементін анықтадық. Зертхана ұлттық аккредитациялау орталығы жүйесі бойынша аккредитацияланған. «Айлақ МП» белгісін пайдалануға мүмкіндігі бар. Яғни, зерттеу қорытындысын әлемдегі алпыстан астам мемлекет мойындайды, – деді сынақ зертханасының меңгерушісі Жаһангер Хусанов.

Жүргізілген сынақ нәтижесі шетелдік ғалымдардың да қызығушылығын туғызған. Ендігіде аталған дәрілік шөптерді фармокологияға енгізу ұсынылды. Мамандар «емдік өсімдіктер өсетін аумақ арнайы қорғалуы керек» дейді.

Еске салайық, былтыр Қазақстанда «Өсімдіктер әлемі туралы» жаңа заң қабылданған.

– Бұрын орман қоры және ерекше қорғалатын табиғи аумақтан тыс жерде өсетін өсімдіктер қорғалмайтын. Ал заң қабылданғалы орман қорымен және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан тыс жерлердегі өсімдіктерді қорғауға мүмкіндік бар, – деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің басқарма басшысы Азамат Әбуов.

Емдік мақсатта қолданылатын өсімдіктерді жинау, дайындау тәртібі заң жүзінде бекітілді десек, мамандар пайдалануға болатын шөп түрін зерттегенде арнайы негіздеме беруге міндеттелді. Жұмыс та табиғатқа зиян келмейтіндей жүргізілуі керек.

Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанда 400-ге жуық сирек кездесетін өсімдік бар. Оның 38-і жоғалып кетуі мүмкін.

Назерке Үкібасова, Александр Крапивкин, «Алматы» телеарнасы, Шымкент

Новости партнеров