15.07.2016

13-ші әскери қалашық сусыз отыр

13-ші әскери қалашық сусыз отыр. Құбыры жарылған көп қабатты үй тұрғындарының аптап ыстықта ауыз суға қаталап отырғандарына оншақты күн болған. Ал, бүлінген жүйені қалпына келтіру қай мекеменің құзырында екенін жергілікті жұрт та, пәтер иелері кооперативі басшылары да білмейді.

Людмила Иванованың суық суды күтіп, шүмекті айналсоқтап жүргеніне жеті күннен асқан. 13-ші әскери қалашықтағы өзге де тұрғындардың кейпі осы. Шілде басталғалы шөлдері қанбаған халық ішерін шелектеп тасып әуре. Көлігі барлар қажетін тасып әкелгенмен, қуаты қайтқан кәрілерге бұл ауыр соғып отыр.

Судың келмеуіне құбырдың жарылуы себеп болғанмен, оны қалпына келтіретін тарап әлі анықталған жоқ. Салынғанына жарты ғасырға жуықтаған үйлердің өзгеде инженерлік жүйесі әбден тозған. Ай сайын коммуналдық қызмет үшін ақша жинайтын пәтер иелері коперативі жұртқа алақан жайып отыр. Ал, тұрғындар шығарған ақша материалға жеткенмен, жөндеу жұмыстарының шығыны қымбатқа түскен.

«ПИК төрағасы ақша жоқ дейді. Осы уақытқа дейін жиналған ақша қайда кеткені бізге түсініксіз. Міне, түбіртек құжаттарымызды да ала келдік. Коммуналдық қызмет алдында қарызымыз жоқ. Енді не үшін біз жұмысшы жалдауымыз керек?», - деді Людмила Шеховцова.

Әдеттегідей жауаптан қашқан ПИК басшылары орындарында жоқ. Бірақ мәселені шешуге түсіру тобы келген соң ғана Түрксіб ауданының мамандары жауаптыларды іздеп, жалтарғандарды жөнге сала бастады. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, «Малахит» ПИК қорына 62 мың шаршы метр тұрғын үй қарайды. Ал, тұрғындардың кооператив алдындағы қарызы бүгінде 6 миллион теңгеден асып кеткен. Тозған ғимараттарды жөндеуден өткізудің жалғыз жолы алдымен қарыздың қайтарылуына байланысты.

«Тұрғын үйге тұрақты қарап, күту үшін екінші деңгейлі банктерде есеп ашылып, ақша жиналуы қажет. Халықтың қаржысы өзге мақсаттарға жұмсалмауы тиіс.Тұрғындардың қалтасынан жиналған қаражат тек баспананың күрделі жөндеуіне жұмсалуы тиіс», - деді Алматы қаласы Түрксіб ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Сахидам ХАШТАНОВА.

Коммуналдық қызмет пен үйдің күтімі үшін ай сайын ақша төлейтін тұрғындар жұмсалған қаржыны қайта қарап,әр тиынына дейін тексермек ниетте. Бірақ жұмсалған ақшаның есебін көрсетуге ПИК төрағалары асығар емес. Тек шілдеде шөлдеген жұрттың шыдамы таусылып, шулаған соң ғана ауыз суды амалсыз өз есебінен қосты.

Әмірболат Құсайынұлы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы  
Прямой эфир