18.07.2016

Алматыдағы атыста бір бейбіт тұрғын мен үш полиция қызметкері қаза тапты

Алматының орталығындағы атыста бір бейбіт тұрғын мен үш полиция қызметкері қаза тапты. Бұл ақпаратты Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Алғашқы атыс Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы маңынан шықты. Басқармаға өтуге әрекеттенген сезікті посттағы полицияға оқ жаудырып, полиция қызметкерінің қаруын иеленген соң, оқиға орнынан қашып кеткен. Сезіктінің ізіне түскен «Боран» полиция экипажына қарсы да оқ жауып, соның салдарынан екі полиция қызметкері жараланды. Одан кейін күдіктінің кім екені анықталып, «Қазақконцерт» залы орналасқан ауданда полиция оны жаралап, қолға түсірді. Бірақ ұстау кезінде екі полиция қызметкері жараланды. Өкінішке қарай, осы атыс салдарынан бір бейбіт тұрғын мен үш полиция қызметкері қаза тапқаны хабарланып отыр. Шабуылшылардың негізінен құқық қорғау органдары қызметкерлерін нысанаға алған аңғарылады.

Күндізгі сағат 11.00 шамасында Алмалы аудандық ішкі істер бөліміне белгісіз біреу шабуыл жасаған. Осы маңда тұратын куәгерлердің айтуынша, мойнына автомат ілген бұзақы біреу-ақ. Олар мылтықтың 7 рет атылған дауысын естіген.

Алматыны аяғынан тік тұрғызған оқиғаның басталған жері осы. Бұл түсірілімді көшеде өтіп бара жатқан куәгердің бірі түсірген. Кадрда қару кезенген белгісіз біреудің оқ атып, алдыға ұмтылып бара жатқаны айқын көрінеді. Бұзақының айналасына атқан оғы көліктердің біріне тиген. Ал, көргендердің айтуынша, бұзақы қаруды өзімен әкелмеген.

«Біздің бала осы машинада отырған. Бір кісі «Аллаһу акбар» деп айғайлап, атыс естігеннен кейін машинадан шықты да офиске қарай қашты. Офистен қарап отырсақ, міне оқ тиген. Посттағы полициядан автоматты тартып алып, атты, дейді бір жас жігіт», - деді Ілияс МЕЙІРМАНОВ.

Қарулы қылмыскер бұдан кейін маңайдағы базардың алдына келген. Тұрақта тұрған көліктің ішіндегі жігітке қару кезеніп, машинаны босатуын талап етіпті. Әу баста қалжың шығар деп түсінген жүргізуші автоматпен оқ атқан соң қашуға тура келді, дейді

«Машинада отырғам. «Шық», - деді. Ойнап жатырма деп отыра бердім. Бір кезде оқ атты. Содан шықтым. Машинаны ашты да есікті, қайтадан жапты ары қарай кетіп қалды», - деді Мұрат.

Содыр көлікті алмай ары қарай жаяу кетседе, артынан қуған құқық қорғаушыны ешкім көрмеген. Кездейсоқ жағдайға тап болған көлік тұрағының қызметкеріде қатты сасып қалған

«Автоматпен келді де бұл кісіні атты бірден. «Шық», деді ғой. Сосын ары қарай кетіп қалған. Қара футболкада , қолында автомат бар», - деді Нұржан ОРАЗБЕКОВ.

Ақпарат агенттерінің жазбауы бойынша, Абылай хан және Төле би мен Қазыбек би көшелерінің ортасында жантүршігерлік атыс ұйымдастырғандардың бірі ұсталған. Бұл кадрдан асфальт үстінде жатқан қылмыскерді көруге болады

Абай мен Байзақов көшелерінің қиылысында тағы бір күдіктінің көзі жойылған. Қара шет елдік көлікте күдіктінің жансыз денесі жатыр. Қайтыс болған адамның атысқа қатысу-қатыспауы әлі ресми түрде расталған жоқ. Ал мына суреттің қай жерде түсірілгені әзір белгісіз. Онда қанға оранған екі полицей бейнеленген.

Үмбетәлі Меймеш, Ғибрат Бақаев, «Алматы» телеарнасы 

Прямой эфир