02.09.2014

Алматылықтар қала күнін ерекше атап өтпек

Биыл да алматылықтар қала мерекесін ерекше атап өтпек. Шаһар тұрғындары мен қонақтары үшін қала әкімдігі күзде 40-қа жуық мерекелік шара ұйымдастырмақшы.

"Арбат фест", "Алматым менің алғашқы махаббатым", "Күміс көмей жез таңдай", "Алматым жүрегімде", "Гәкку дауысы" сынды байқаулар қала күніне орай өткізіледі. 5 жылдан бері қыркүйек айының үшінші жексенбісінде тойланып келе жатқан мейрам биыл өзгеше өтпекші. Жалпы, мереке қарсаңында 40-қа жуық шара ұйымдастырылады. Оның 18-і ірі бағдарлама. Ал ішіндегі ең ерекшесі – алма байқауы.

«Ең негізгі шара саналатын Эпл Фест 21 қыркуйек өтеді. Оның өзінде түрлі шаралар өтетін болады. Мұнда жастар үшін орта буын өкілдеріне жағдай қарастырылған. Спорттық ойындар да кең көлемде аталып өтеді», - деді Алматы қ. Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Айнұр БАЖЕНОВА.

Ал өткен жылы Алматы облысында өткен «Той Қазан» халықаралық фестивалін, биыл ұйымдастырушылар, шаһар ішінде әрі қала күніне орай өткізуге ниетті. Аталмыш шарада Ұлттық тағамды дәріптеп жүрген балбармақ аспазшылар бұқара алдында ас дайындап, шеберліктерін көрсетеді. Сонымен қатар, ақ дастархан жайылып, қазақтың салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы, ұлттық құндылықтары насихатталады.

«Ол Той қазанның мағынасы не? Той қазанда біздің қазақтың дәстүрін,біздің тағамдарды жасайтын осындай шара ұйымдастырдық. Ол жерде ат шабыс, қыз қуу, қазақша күрес, асық ойнау деген сияқты жарыстар бар», - деді Еуразия франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр ҚИСЫҚОВ.

Сондай-ақ, мереке күні, осы айда өткен "кітап фест" байқауы қайта ұйымдастырылмақшы. Шара аясында жазушылар шеберлік сағат өткізіп, ашық дәрістер өткізеді. Сонымен қатар, бірнеше кітаптің тұсауы кесіліп, іс-шараға келген оқырмандар қанатын кеңге жайған көрмені тамашалай алады.

«Биыл мына кітап фестивалін өткізгеннен кейін, кітапты жариялау, оны дамытуды қолдайтын бағдарламаларды осы қала күніне қарай өткіземіз. Презентация жасап, оқырмандар мен жазушыларды кездесуін кітап фестің жалғасын қала күні өткіземіз деп отырмыз», - деді Еуразия франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр ҚИСЫҚОВ.

Айта кетейік, биыл бірінші рет Республика алаңында халықаралық отшашу жарысы өткізілмекші. Онда алматылықтар - көрермен көзайымына айналған үздік пиротехниктерді таңдай алады. Ол үшін бар болғаны 8782 нөміріне қатысушының нөмірін жіберу керек.

Әйкерім Ердәлетқызы, Әл-Фараби Гусинцов, "Алматы" телеарнасы

Прямой эфир