02.09.2014

Алматылықтар конституция күнін велошерумен атап өтті

Мерекені ұлықтау велошеруден бастау алды. Таң қылаң берген сәттен бастап Әл-Фараби даңғылы бойына жиналған 1000-ға жуық әуесқой спортшылар кезекті велошеруге қатысты.

Алматылықтар конституция күнін велошерумен атап өтті. Таңғы жеті жарымда тұғырдан секіру кешенінде жиналған қауым шараға жас, кәрі демей, бір адамдай қатысты.

Қазақстанда велоспортпен айналысатын әуесқойлардың саны жылдан жылға артып келеді. Велошерулерге қалмай қатысатын азаматтардың бірі 15 жасар Бақытжан Аманғалиев. Оның арманы асқақ Винокуров секілді атақты болуды армандайды.

«Алексендар Винокуров сияқты әлемдік аренада ел мерейін асқақтатсам деп армандайды», - деді Велошеруге қатысушы БАҚЫТЖАН АМАНҒАЛИЕВ.

Сөре сызығына жиналғандар тапаншаның даусын ести сала зымырай жөнелді. Әл-Фараби даңғылынан бастау алған әуесқойлар Розыбакиев көшесімен төмен жүріп Абай даңғылын басып өтті. Ал мәре сызығы Орталық стадионның маңында кесілді.

«Астана» велокомандасының бас менеджеріне қала басшысы жарқын жеңістері үшін алғыс білдіріп, сыйлық табыстады. Айта кетер жайт, кәсіпқой клубтың велошабандозы Винченцо Нибали «Тур де Франс» көпкүндігінің жеңімпазы атанған болатын.

«Барлықтарыңзды Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын. Алматыдағы велошерулер еліміздегі ең ауқымдысы. Осының арқасында Қазақстанда велоспорт дамып келеді. Ал біз болсақ әлемдік аренада ел абыройын осындай жеңістердің арқасында көтереміз», - деді «Астана» Велокомандасының бас менеджері АЛЕКСАНДР ВИНОКУРОВ.

Велошеруде белсенділік танытып жеңіске жеткен қатысушыларды марапаттау рәсімі өтті. Малика Құрбанова ең сұлу велошабандоз атанса, Расул Ахметов пен Арман Халбеков бастаған жігіттер «ерекше арба» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Олжас Нұразхан, «Алматы» телеарнасы
Прямой эфир