18.07.2016

Алып шаһарда 700-ге жуық аялдама жөндеуді қажет етеді

Алматы қариялары қалада аялдамаларды дұрыс жабдықтауды талап етуде. Тұрғындардың сөзінше, кей аялдамаға, белгі болмағасын, қоғамдық көлік тоқтамайды, енді бірінде тізе бүгер орындық жоқ. Бұл әсіресе Жангелдин көшесі бойындағы бекеттерге тән. Алып шаһарда 700-ге жуық аялдама жөндеуді қажет етеді. Бүгінде олардың жоба-сметалық құжатын құруға байқау жарияланды. Маусым айының аяғында басталған сайыстың жеңімпазы тамыз соңында белгілі болады деп сендірді шенділер.

Анастасия Иванованың Жангелдин көшесінен аялдамаларды алып тастағалы бері қоғамдық көлікпен қатынауы мұңға айналған. Себебі, аялдама белгісі болмаған соң, кейде автобустар тоқтамай өтіп кетеді екен. Жазда жағдай тіпті ауыр, дейді зейнеткер. Қоғамдық көлікті күтіп тұрғанда, көлеңкеден қорғанатын, тізе бүгетін орын жоқ деп мұңын шақты зейнеткер.

«Менің жасым 85-те. Аялдамаға мен секілді күніне қанша қария келеді. Балаларымен келетіндер де бар. Күтіп тұрған автобус тез келе қалса, ештеңе емес. Ал, кейде ұзақ тосқанда отырар орындық та жоқ», - деді Анастасия ИВАНОВА.

Түрксіб ауданы тұрғындары қарияның бұл сөзін раситайды. Жангелдин көшесінің бойында бірде-бір аялдама жабдықталмаған, дейді.

Алматыда 700-ден аса аялдама жөндеуді қажет етеді. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қоғамдық көлікті күтетін орынның жоба-сметалық құжатын дайындауға байқау жариялаған. Сайысқа қатысушылар қаржыны есептеп шығуы тиіс. Оның қорытындысы шілде аяғында белгілі болмақ.

«Ол жерде қоғамдық көліктің үстінде тұратын автопавильонды есептейді, жобасы қанша тұратындығын анықтайды. 5 түрлі эскиздарын әкеліп өткізеді бізге. Ол бағаны алғаннан кейін біз келесі жылы бюджеттен қаржы сұраймыз. Болмаса, тиісті инвестор іздеуге тырысамыз», - деді Алматы қаласы жолаушылар көлігі басқармасы бөлімінің басшысы Әсет ТӨЛЕУІШОВ.

Жолаушылар көлігі басқармасы тұрғындардың өтініші бойынша жыл сайын 20-ға жуық аялдама тұрғызады. Биыл қалада қоғамдық көлік күтуге арналған 9 бекет бой көтерді. Жыл аяғына дейін тағы онға жуық аялдама салынбақ. Жаңа аялдамалар қала жұртшылығының өтініші бойынша қажетті жерде тұрғызылады.

«Аялдама қажет болған жағдайда хат жолдаса болады. Мекен-жайын көрсетіп, болмаса біздің сайт бар. Алматы қаласы әкімдігінің сайты бар. Біздің басқарманың сайтына жазбаша жазса болады. Міндетті түрде шығып зерттеп, оны қарастырамыз», - деді Алматы қаласы жолаушылар көлігі басқармасы бөлімінің басшысы Әсет ТӨЛЕУІШОВ.

Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир