14.07.2016

Елімізде өркениетті такси қызметі жанданып келеді

Сіз такси қызметінің қай түрін пайдаланасыз? Қазір елімізде өркениетті такси қызметі жанданып келеді. Дегенмен айлығын шайлығына жеткізіп жүрген көшедегі жеке таксистер ресми жұмыс жасайтын компаниялардың алдын орап, «нанын иемденіп» кететіні рас. Барлығы бағаға келіп тіреледі. Такси қызметін ұйымдастыратын кәсіпкерлер неге өкпелі және неліктен жолаушылар бағадан бұрын жеке басының қауіпсіздігін жоғары қоя бастады?

Такси қызметінің нарығы әлемдегі ең бәсекелесті салалар қатарына жатқызылады. Ал, бұл саладағы басты проблемалардың бірі - баға саясаты. Қазақстанда өркениетті такси қызметі жанданып келеді. Десек те, олардың қызметіне «көлденең көк аттылар», яғни жеке тасымалдаушылар кедергі екені рас. Жолға шығып қол көтере қалсаң болғаны, келісілген ақымен қалаған жерге жетуге болады.

«Баға жағынан айтып кетейін. Олардың бағасы көп болса, біз жолшыбай кетіп бара жатып алып кетеміз. Біздікі кішкене арзанырақ болады», - деді Еділ ЖАУЫЛБАЕВ.

Қазір онлайн режимде немесе арнайы сайт арқылы такси қызметін пайдалануға болады. Солардың бірі - батыста кең қанат жайған «Uber такси» қызметін алайық. Мобильді қосымша ретінде жұмыс бастаған бұл жоба 5 жылдың көлемінде осы саладағы үздіктер қызметке айналды. Енді бұл қосымша қазақстандықтарға да қолжетімді. Айтпақшы бұл жоба өткен аптада болған 5-ші инновациялық форумда іске қосылған болатын.

«Қосымшаны пайдаланушы алдымен бағытты бағалайды, яғни жол ақысын. Содан кейін барып, жүргізуші туралы толық ақпарат алады. Бұл қауіпсіздік үшін маңызды», - деді «Uber» таксоматорлық компаниясының менеджері Евгения ШИПОВА.

Қауіпсіздік демекші, біз алматылықтардан такси қызметінің қай түрі қауіпсіз әрі ыңғайлы екендігін сұрадық. Өйткені, соңғы уақытта такси қызметін пайдаланғандар арасында жапа шеккендер жиілеп кетті.

Алматы қаласында қазір ресми түрде тіркелген таксоматорлық парктер жоқ. Өйткені, бірнеше жыл бұрын осы сала бойынша заңға өзгеріс енгізілген. Ал, бұл заң аясында такси қызметі шағын және орта бизнеске жатқызылған. Десек те, қалада такси қызметтерін ұсынатын ондаған компания жұмыс істеп жатыр. Сондай бір компанияның құрылтайшысы Максим Сарсеновтың ойынша, алдымен халық арасында бұл салаға деген көзқарасты өзгерту керек. Бір жағынан криминалды жағдайларды азайту үшін.

«Мен түнде көлікпен кетіп бара жатқанда жолда қолында гүлі бар 16 жасар қыз қолын көтеріп такси тоқтатқанын көрдім. Осындайда ата-аналар қайда қарайды? Кез келген өңірден келген тізгінші алып кетуі мүмкін ғой», - деді Такси компаниясының құрылтайшысы Максим САРСЕНОВ.

Байқағанымыздай, Қазақстандағы тасымал нарығы жеке тізгіншілерді, ресми компанияларды ғана емес, шетелдік бизнесті де қызықтырып отыр. Басқа мобилді қосымшалар секілді inDriver қызметі де өзін Қазақстан нарығында сақтап қалмақ ниетте. Еске сала кетейік, үстіміздегі жылдың сәуір айында ресми тасымалдаушылардың арыз-шағымынан кейін байланыс комитеті Қазақстан аумағында бұл қызметке шектеу қою туралы шешім қабылдаған болатын. Неге екені белгісіз, кейін қосымша қайта іске қосылды. Енді қарағандылық такси жүргізушілері виртуалды әріптесінің үстінен тағы да шағым түсіріп отыр. Ал, такси қызметінің өкілдері абыройын сақтап қалу үшін Қазақстан билігімен соттасуға ниетті. Бұл туралы ұялы қосымшаның басшылығы бүгін ресейлік басылымдардың біріне мәлімдеген.

Азамат Әуезхан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы 

Прямой эфир