18.07.2016

Мәншүк Мәметова мұздығындағы тау көліне алғаш рет ауыр техника көтерілді

Мәншүк Мәметова мұздығындағы тау көліне алғаш рет ауыр техника көтерілді. Судың арнасын кеңейтіп, қауіпті көлдің деңгейін төмендету үшін су сорғыш техниканы жеткізу мақсатында, осы жолды аршу жұмыстары былтыр басталған. Қой тастар мен жартастар арқылы төрт мың метр биіктікке жеткен техникалар №6 көлдің деңгейін төмендетуге жегілді. Жүздеген жыл қатып жатқан мұздықтардың еріп, тау жынысының төмен қарай құламауын қамтамасыз етудің жолы қалай?

Кіші Алматы өзенінің негізгі бастауы осы №6 көлден басталады. Мыңжылқы бөгетіне дейін жол бұрын болған. Ары қарай көлдің деңгейін бақылауда ұстау үшін мамандар қияға үнемі жаяу көтеріліп, қажетті су сорғыш техниканы тікұшақпен жеткізіп келген еді. Бірақ бұл айтарлықтай қауіптің бетін қайтармаған соң таудың басына ауыр тракторлар жеткізілді.

Теңіз деңгейінен төрт мың бір жүз метр биіктіктегі көл осы уақытқа дейін алматылықтарға ұзақ жылдар қауіп төндіріп келген еді. Осындай аяқ астынан жауған жаңбыр мен күннің ыстығынан еріген суды төмендету осындай насостардың көмегімен жүргізіліп келген. Алайда, екі жылға жуық салынған жолдың арқасында бұл көлге алғаш рет трактор жетіп, теңіздегі 280 мың текше метр су 180 мың текше метрге төмендетілді.

Көл теңіз деңгейінен төрт шақырымға жуық жоғарыда жатыр. Мыңжылқы бөгеті мен көлдің арасы 600 метр. Алайда оған техниканы жеткізу үшін екі шақырымдық жол салуға тура келген. Ондада жол деген аты. Қой тастарды басып, қауіпті қия беттерден жылжып әрең жүруге тура келеді.

«Осы көктемде көл деңгейі тез көтерілді. Сосын таудың жылынуына байланысты да көлдің деңгейі көтерілді. Біз екі жыл бұрынғы жолды бітіріп, тракторларды жеткіздік. Соның арқасында көлдің деңгейі төрт метрге төмендеді», - деді ҚР ІІД ТЖК «Қазселденқорғау» ММ төрағасы Тоқтарбек БАЙМОЛДАЕВ.

Қазір бірнеше апта жүріп, мұздаққа жеткен екі трактор тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Тракторлар тереңдігі 28 метр болатын көлдің суағар арнасын кеңейтіп, қауіптің бетін азайтқанмен, аққан су бір шақырымнан соң тікелей жерге сіңіп, төмен кетіп жатыр. Табиғи жолмен жасалған үңгір арқылы кетіп жатқан судың қайда құйылып жатқанын ешкім білмеді. Мамандар оны да зерттеу жүргізу қажет, дейді.

«Неліктен су тасқыны болады. Жерасты көлдері ағып кеткендіктен. Сондықтан геофизикалық, геологиялық, геомофологиялық зерттеулер жүргізу қажет. Ол деген әзірге бітпейді. Ондай көлдер көп емес. Мынандай ашық көлдер көп», - деді География институтының директоры Ахметқали МЕДЕУ.

Беткейде орналасқан көл үнемі бақылауда. Қазір көлде 180 мың текше метр су бар. Бірақ қауіп бұнымен бітті дегенге келмейді. Өйткені көрініп жатқан мұздардан басқа тау жынысының арасында да қатып жатқан мұздар бар.

«Қар белгілі бір температурада монолиттей тұтаса қатады. Солтүстікте қоймалардың бөгеттерін тау жыныстары табиғи түрте қатырып, бөгейді. Ондай жағдайда мынадай көлдердің бөгеттерінен қорқыныш болмайды. Қазір түрлі заманауи технологиялар көп. Біз Ресейден келдік. Ондай әдістердің бұл өңірге қолдану қажеттігін алдағы уақытта ақылдасамыз», - деді Ресей ғылым академиясының П.Мельников атындағы Тоң тану институтының Сібір бөлімі директоры Михаил ЖЕЛЕЗНЯК.

Беткейде орналасқан көлдің сыртындағы бөгеттердің құрамында да мұздақтар бар. Ал, олардың көрініп жатқан көлге қанша су құятынын табу қиын. Былтыр Қарағалы ауылын басып өткен бөгеттің суы небәрі 30 мың текше метр ғана болатын. Бірақ тигізген зардабы аз болмады. Алматының төбесінде қырық көл бар. Олардың 17 бақылауда.

Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы 

Прямой эфир