18.07.2016

Әуезов ауданының тұрғындары кәріз құбыры үшін қырық пышақ болып жүр

Әуезов ауданының тұрғындары кәріз құбырын бөлісе алмай қырық пышақ. Екінші шағын аудандағы 40-шы және 41-ші үйдің тұрғындары көрші ғимараттан шығатын лас судың құбырын орталық жүйеге қостырғысы жоқ. Байбалам салған жұрт үйіміздің қасынан өтетін құбырға күш көп түссе, ауламыз дәретханаға айналады деп алаңдайды. Ал, құбырдың ұзындығын қысқартпақ болған «Тоспа Су» компаниясы тағы көпқабатты төрт үйден шығатын қалдықтарды қайда жіберерін білмей дал.

Екі үйден шығатын лас суды сыйдыра алмай, қалдықтары сыртқа ағып жататын құдықтан тұрғындар әбден шаршаған. Ал, оған тағы да жүзден астам пәтердің қалдық таситын құбырын қосса, ауламыз нәжістің астында қалады деп қорқады. Жоспарлаған жұмыстарын жүргізе алмай отырған «Тоспа Судың» қызметкерлері бүгінде тұрғындарға сөздерін өткізе алмады.

«Кіреберіске мұрнымызды жауып кіреміз, жауып шығамыз. Біреу келсе ұялатынбыз. Кейін 93 пәтер 3 мың теңгеден жинап ауыстырдық. Әжептәуір ақша ғой. Өйткені құбыр көтермегенде нәжіс сыртқа емес, бізге ақты. Енді сасымайды. Ал, мына төрт үйді қосса ол құбыр көтере ала ма?», - деді Орынбала НЕСІПБЕКОВА.

Қазір бұл шағын аудандағы қалдық сулар ескі құбыр арқылы ағып жатыр. Бірақ жарты ғасыр болған құбырдың жарылуы жиі. Сондықтан жауапты мекеме 40-шы үйді айналып өтетін жаңа құбыр тартқан. Ал, ескі канализацияны алдағы уақытта мүлдем жауып татсамақ. Енді тек 43,44,45 үйлерден шығатын жүйені он метрге бұрып, жаңа құбырға қосу жұмысы қалды. Бірақ оған тұрғындар көнер емес.

«Біздің екі үйдің құбыры бөлек. Енді оған тағы кем дегенде төрт үйдің лас суы ағып келетін канализациясын қоспақ. Ол кезде қалдық жиналатын құдық тез толып, ағып үлгермейді. Тағыда сосын нәжістің астында қаламыз. Біз қарсымыз», - деді Зинаида ШАЛАНОВА.

Қаладағы кәріс жүйелері мемлекеттік мекеменің меншігінде және жобалау мен өзгертуді де «Тоспа Судың» инженерлері шешеді. Коммуникация жүйесінің қалай ағатынын анықтап, араласу тұрғындардың құзырында емес. Сондықтан бір ауданның барлық қалдығы бәрібір осы жуандығы 150 диамметрлік бір ғана құбырмен ақпақ.

«Соңғы үш жылда осы аудандағы ескі канализация жиі жарылады. Керамикалық труба шіріген. Сондықтан ескі, әрі ұзын құбырды тоқтатып, орнына небәрі он метрлік жаңа жерасты құбырын тарту тапсырмасы қойылған. Бұл тұрғындар үшін де, шығынға батпайтын компания үшін де тиімді», - деді «Тоспа су» МКК бөлім басшысы Михаил БАЗАРОВ.

2-ші шағын аудан тұрғындарының жүйкесін жұқартқан өзге де жұмыстар жетерлік. Соның бірі соңғы жиырма жыл жөндеу жұмысын көрмеген ауладағы суағарлар. Бетон арықтар сынып, бітеліп қалғандықтан жаңбыр кәріс суымен бірігіп ауламен қоса жертөле кетіп жатыр. Ал, аудандық әкімдік ауланың арасындағы құдықтарға қатысымыз жоқ деген жауаппен шектелсе керек.

Әмірболат Құсайынұлы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы  

Прямой эфир