15.07.2016

Жазатайым жаза басқан қылмыскерлер айыбын қара жұмыспен жуып-шайып жатыр

Жазатайым жаза басқан қылмыскерлер қоғам алдындағы айыбын қара жұмыспен жуып-шайып жатыр. Ұсақ қылмыстары үшін Алматы қаласының 8 ауданы бойынша тіркелгендер екі қолға бір күрек алып, шаһарды тазалауға шықты. Бұл іс - бір күндік емес, үзілмейтін жоспарға айналған. Пробация тәртібі нәтижесінде Алматыда жеңіл құқық бұзушылық жасайтындар саны қаншалықты азайды?

34 жастағы мына азамат ұрлық жасағаны үшін сотталған. Қапыда шалт кетіп, аяқ-астынан істі болған жігіт қазір жазасын бостандықта өтеп жүр. Жасаған қылмысы жеңіл заңбұзушылыққа жатады. Оған сот шартты түрде бостандықтан айырған. Бүгінде Алмалы ауданының пробация бөлімінде тіркеуде тұр. Қазір жұмыссыз болғандықтан, текке жатпай азамат қоғамға пайдалы іспен айналысуы керек. Сот бұл жігітті 240 сағат қоғамдық жұмысқа тартылуға міндеттепті.

«Қазір қысқа мерзімге арналған даярлық курсын дәнекерлеуші мамандығы бойынша оқып жатырмын. Істі болған сәтте өмірден түңілгенім рас. Жасаған қателігімді енді қайталамастай болдым. Жұмыс істеп адам болып кеткім келеді. Сот маған шартты түрде жаза өтеуді 4 жыл 6 ай мерзімге кескен», - деді жаза өтеуші Андрей ШАТИЛОВ.

Қаз-қатар тізілген алпысқа жуық сотталушы Андреймен бірге Наурызбай ауданындағы бақтарды тазалады. Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесіне пробация қызметінің енгізілгеніне шамамен 1 жылдай уақыт өтті. Қолданысқа енген заңдағы өзгерістерге сай, аса қауіп төндірмейтін сотталушы жазасын қоғамдық жұмыстар арқылы өтейді. Артылған айыпты көше, аула, саябақтарды тазалап, жуып-шаяды. Биыл 116 жазықты тазалауға қажетті құралдармен, арнайы киімдермен қамтамасыз етілген. Ал, абаттандыратын аумақтарды аудан әкімдіктері бөліп береді.

«Қазіргі таңда Наурызбай ауданында біздің тіркеуге алынған 111 адам бар. Сол жазалау мекемелерінен бостандыққа шыққан. Я, болмаса бас бостандығынан айырылған азаматтарды бақылауға алып, сол азаматтармен ауданымызда сол азаматтардың қатысуымен осындай тазалық жұмыстары жүргізілуде», - Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Балтөре ПІРӘЛИЕВ.

Алматы қаласында өткен жылы 1089, ал, биылғы жылдың 4 айлық қорытындысы бойынша 694 адам бас бостандығынан айырылып, қоғамдық жұмысқа жегілген. Құқық бұзушыларға қатысты мәжбүрлеп еңбекке тарту жұмысына талдау жасаған мамандар, оның тиімді екендігін дәлелдеген. Сол үшін Алматы әкімдігі мен қалалық прокуратура бірлесе, «Жазасын өтеушілердің еңбегі - қоғам үшін» атты жобаны қолға алыпты.

«Тұрғылықты жұмыс істейтін жері жоқ және оқымайтын адамдар, сосын 3 жасарға дейінгі балалары жоқтар, кәмелетке толғандар және зейнеттік жасқа жетпеген адамдар 240 сағаттан аспайтын мәжбүрлі еңбекке сот үкімімен жазаланады. Сол адамдар қазір жұмыс істеп жатыр», - деді Алматы қалалық прокуратурасы қылмыстық істердің заңдылығын қадағалау басқармасының басшысы Рысбек ТҰРБАШЕВ.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін 10 сотталушы Түрксіб ауданын мұнтаздап етіп тазартып шыққан. Сондай-ақ 60 шақты жазагер нөсерлі жауыннан кейін Алатау мен Наурызбай аудандарындағы арықтарды аршыған. Жұмысты тиянақты атқарғандығы соншалықты 20-дан аса тонна қоқыс шығарыпты.

Жадыра Омаржан, Әсет Құндақпаев, «Алматы» телеарнасы 

Прямой эфир