15.07.2016

Жылжымалы медорталық Алматы базарындағы саудагерлерді тексеруден өткізуде

Базардағы жаппай тексеріс. Жылжымалы медициналық орталық Алматы қаласы базарларын аралап, саудагерлерді толық тексеруден өткізуде. Олардың қан қысымы, қант құрамы тексеріліп, онкологтар кеңес беруде. Тіпті, рентген аппараты да іске қосылған. Саудагерлер арасындағы тексеріс 7 шілдеден бері өткізіліп жатыр. Жылжымалы медициналық бекет 22 шілдеге дейін қаладағы барлық әмбебап базарларды аралап шықпақ. Бүгінгі күнге дейін үш базардың саудагерлері алғашқы тексеруден өтті.

Алатау ауданына қарасты «Болашақ» әмбебап базарының саудагерлері жылжымалы медициналық орталық маңына жиналды. Күнделікті күйбіңмен жүріп, денсаулығына мән бере алмай жүрген жұрт осы жерде тегін тексеруден өтуде. Келгендердің барлығына денсаулық кітапшасы ашылып, тіркеуге алынды. Емханаға арнайы барып, тексеруден өтуге уақыт болмайды, ауру алқымнан алған кезде ғана ақ халаттылардың көмегіне жүгінетінмін, дейді Татьяна Самай. Жеке кәсіпкердердің айтуынша, жылжымалы медициналық орталық олар үшін таптырмас мүмкіндік.

«Менің ойымша жылжымалы медициналық орталық акциясы өте дұрыс бастама. Жұмыс деп жүріп, денсаулығымызға жөнді қарай алмаймыз. Емханаға бармас үшін де неше түрлі сылтау да табамыз. Медициналық орталық өздері келіп, тегін тексеруде. Қуана қараламыз», - деді Татьяна САМАЙ.

Жылжымалы медициналық орталық бүгінге дейін «Сәлем», «Ялян», «Рахат» базарларында болған. Дәрігерлер «Сәлем» базарының 298, «Ялян» базарының 150 және «Рахат» базарының 212 саудагерін тексеруден өкізіпті. Медициналық орталық «Болашақ» базарында екі күн болмақ. Одан кейін «Қазына», «Кенжехан» және «Барлық» базары саудагерлеріне жол тартады. Айта кетейік, мұндағы медициналық тексеру толықтай тегін.

«Онколог, маммолог, терапевт мамандар тексеріп жатыр. Қант құрамындағы холестерин мөлшері, ВИЧ, СПИД-ке тексеріп жатыр. Оған қоса, флюорография да бар. Диагностикалық кешен тұр. Оның ішінде маммолог, онколог мамандар қабылдайды», - деді Алматы қаласы салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының міндетін атқарушы Жадыра АҚИШАНОВА.

Тұрғындармен тығыз байланыста болатын кәсіпкерлерден өзге шет елдік саудагерлер де ЖИТС пен туберкулезге қарсы қаралуда. Бүгінге дейін тексеруден өткен 660 саудагердің 60-тан астамының денсаулығы сыр бергені анықталып, есепке алынды. Аталған шара «Денсаулық жолы 2016-2019» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған. Дәрігерлердің айтуынша, саудагерлер толық тексеруден өткен соң ғана денсаулығы сыр бергендері ескертіледі. Қажет дегендеріне дәрігерлік көмек көрсетіледі.

Аршын Кемелжан, Қанат Кигизбаев, «Алматы» телеарнасы

Прямой эфир