Алматы уақыт өткен сайын жасарып, көркейіп барады – Бибігүл Төлегенова

Әнші әр әнінің жанына жақын екенін, оларды бөліп-жарып қарай алмайтынын айтады

Алматы уақыт өткен сайын жасарып, көркейіп барады – Бибігүл Төлегенова Almaty.tv.

92 жасқа толған қазақтың әйгілі әншісі, саф өнерімен талайды таңдай қақтырған бұлбұлүнді Бибігүл Төлегенова Семей қаласынан Алматыға алғаш келген кезі туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Мен Алматыға 1948 жылы 18 жасымда келдім. Ол кезде Алматы қазіргі кезбен салыстырғанда мүлдем басқа болатын. Алматының алманың отаны екені көрініп тұратын. Қаланың ішіндегі алма ағаштарынан алма самсап төгіліп жататын. Бізде Семейде алма ағаштары жоқ болғандықтан, мен таңғалып қарайтынмын», – дейді Бибігүл Төлегенова.

КСРО халық әртісінің айтуынша, адам баласы есейген сайын қартая береді, ал қала керісінше, уақыт өткен сайын жасарып, көркейе түседі екен.

«Өмірімнің көбін Алматыда өткіздім. Осы жаққа тұрмысқа шығып, балалы болып, өсіп-өндім.  Алматыны туған жерімдей көремін. Себебі берілген атақтарымның бәрін осы жерде жүріп алдым. Алматыдағы опера және балет театрында, қазақ филармониясында, Құрманғазы оркестрінде, радиода жұмыс істедім», – дейді әнші.

Әнші әр әнінің жанына жақын екенін, оларды бөліп-жарып қарай алмайтынын айтады. Көңілі құлазып, жаны ауырса, дертін әнмен емдейтінін жеткізді.

«Мен әндерімді, орындайтын арияларымды бөліп-жармаймын. Орындайтын әніме бірінші өзім ғашық боламын. Әр әнімді махаббатпен орындаймын. Оларды бөліп жарғым келмейді. Қазір мұңайып, көңілым түсіп тұрса, бір-екі ән орындап, көзімнің жасын төгіп, жылап-жылап аламын да, жақсы болып қаламын», – дейді ол.

Бибігүл Төлегенованың өнері республика, одақ көлемінде ғана емес, бүкіл дүниежүзіне танылған. Ол гастрольдік сапармен Үндістан, Алжир, Египет, Сирия, Вьетнам, Польша, Чехословакия, Канада, Швеция, Франция, Италия және АҚШ қалаларында болып, өнер көрсеткен.

Айта кетейік, бұған дейін Ресейлік тележүргізуші Андрей Малахов Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенованы туған күнімен құттықтағаны туралы жазған болатынбыз.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Автор

автор Назым Қыдырбайқызы
Назым Қыдырбайқызы
редактор
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир