Тәуелсіздік ұрпақтары: Дарынды балалар – ұлт қуаты

Еліміз егемендік алғалы Алматыдағы қазақ мектептерінің саны он есеге көбейген

Еліміз егемендік алғалы Алматыдағы қазақ мектептерінің саны он есеге көбейген. Мәселен, 1991 жылы қалада ана тілімізде оқытатын білім ордаларының саны  жетеу ғана болса, бүгінде олардың саны 70-ке жеткен. Сондай-ақ, қалада орыс-қазақ тілдеріндегі аралас 69 мектеп бар. Жалпы білім беру саласы тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан соң қалай дамыды? Қаламыздағы білім беру ордалары 30 жылда қандай жетістіктерге жетті? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай тарихқка көз жүгіртіп көрді.

1991 жылы қалада болған 7 қазақ мектебінің бірі осы №159 гимназия. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас білім ордасы жергілікті зиялылардың арқасында ашылып, кейіннен оған қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсаринның есімі берілді. Ең қызығы дәл осы ғимаратта осыдан бір ғасырдан аса уақыт бұрын Алматыдағы ең алғашқы қазақ мектебі болған екен.

1993 жылы қабылданған Ата заңымызда Қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Соның арқасында қазақтілді мектептердің саны жылдан-жылға арта түсті.

«Қазақ тілінің мәртебесі енді айтыла бастаған кез. Сондағы Алматының алдағы интеллигентті қауымы өздерінің балаларын алып, қазақ мектептеріне берген кезде ол тілдік барьердің болғаны. Ол бізге үлкен қатты соққы болды. Себебі, бірінші, тілді түсінбей тұрып, білім алу мүмкін емес», – деді ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Бақыт Ибраимова.

Бақыт Тасболатқызы 1990 жылы қаладағы санаулы қазақ мектебінің бірінде ұстаздық еңбек жолын бастаған. Білім саласында 31 жылдық тәжірибесі бар мұғалім алғашында қазақтілді мамандарға сұраныс аз болғанын айтады. Сондай-ақ, компьютерлік сыныптар, лабораториялар мен сабаққа арналған құрал-жабдықтардың тапшылығын сезінген.  

«Кабинет жабдықтарын алу үшін конкурсқа түстім. Сонда конкурсқа түскенде Алматы мектептерінің ішінен мен сол қатаң конкурсқа түсіп, сол жерден жеңіп алдым. Ол кезде Алматының әкімі Тасмағамбетов мырзадан биология кабинетінің толық жабдығын алдым. Сол кезде бұл үлкен жаңалық болған. Ал, қазір барлық кабинеттерді  үкімет беріп жатыр», – деді ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Бақыт Ибраимова.

Егемендіктің білім саласына әкелген тағы бір жаңалығы – лицей, гимназиялар мен шет тілдерін тереңдете оқытатын арнайы мектептердің пайда болуы. Осы ретте халықаралық олимпиадаларда Қазақстанның туын желбіреткен дарынды оқушылар саны артты. Тәуелсіздіктің осындай жемісті ұрпақтарының бірі – Бақдәулет Ерназар. 9-сынып оқушысы қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін жетік меңгерген. Ол республикалық олимпиадалар мен Ұлыбритания, Беларусьта өткен халықаралық пән жарыстарының жүлдегері.

«8-сыныпта және 9-сыныпта халықаралық олимпиаданың алтын медаль иегері және 9-сыныпта республикалық олимпиададан алтын медаль иегері, ал 8-сыныпта республикалық олипиададан қола иегері атандым. Тәуелсіз ел болғалы бері біздің өзіміз жеке мемлекет болдық. Соның әсерінен өзіміздің мемлекетіміздің білім деңгейін жоғарылату мақсатында көптеген іс-шаралар пайда бола бастады», – деді қалалық мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Бақдәулет Ерназар.

Бүгінде мегаполистегі 207 мемлекеттік мектептің барлығы толық интерактивті кабинеттермен, лабораториямен және кітапханамен қамтылған. Ал, жалпы қала бойынша 271 мыңнан аса оқушы бар. Жыл сайын орта есеппен 30 мыңдай бала алғаш мектеп табалдырығын аттайды екен.

Сымбат Ноғай, Әрсен Сандыбаев, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир