|
09.05.2020 | 18:33
15151

Елордалық суретшілерден ерекше тарту: Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлына арналған мурал ашылды

Қабырға суретінде Бауыржан Момышұлының жас кезі бейнеленген

Елордалық суретшілерден ерекше тарту: Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлына арналған мурал ашылды Almaty.tv

Әр жылда Жеңіс күніне арналған негізгі мерекелік шаралар бас қаладан басталатын. Салтанатты шерулер, Президент құттықтауы елордада өткізілетін. Ал, биыл Нұр-Сұлтанда мейрам дүркіретіп тойланбаса да, ардагерлер назардан тыс қалмады. Тұрғындар үйлерінде отырып ата-бабаларын еске алып, ерлігіне тағзым етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Жылда «Отан қорғаушылар» монументі алаңында Жеңіс күні еліміздің Президенті қан құйлы соғысқа қатысқандар мен тылда тынбай тер төккен ардагерлерді құттықтайтын. Орталық алаңда ат төбеліндей ғана қалған майдангерлеріміз де төбе көрсетіп, марқайып отыратын еді. Қазақстанның барлық Қарулы Күштері сап түзеп өтетін. Әскери техникалар жерде де, көкте де әуелетіп әлеуетін әлеуметке паш ететін еді. Ал, бүгін алаң тым-тырыс. Тек полицейлер әдеттегідей тәртіпті сақтау жұмыстарын жүргізуде.

Шаралар онлайн форматта өтіп жатыр. Дегенмен бүгін әскерилер орталық көшелерде көлікпен жүріп соғыс кезіндегі әндерді шырқады. Осылайша тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Әскерилер мұнымен шектелмей ардадагерлер тұратын тұрғын үйлердің аулаларында концерттер қойды. Қариялардың көңілдері толқып, көздеріне жас алды.

Тұрғындар болса, ардагерлерге деген құрмет бір күнмен шектелмеу керек, әрдайым ерлік ұрпаққа ұран болуы тиіс деген ойын білдірді.

Елордалық суретшілер Ержан Танаев пен Али Закир, Кристина Бекмурзаева Жеңістің 75 жылдығына ерекше тарту жасады. Олар қазақтың біртуар ұлы, Кеңес одағының батыры, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлына арналған муралды көп қабатты үйлердің біріне салды. Қабырға суретінде Бауыржан Момышұлының жас кезі бейнеленген.

«Батырдың суретін майданнан туған-туысқандары мен жақындарын күткен мыңдаған аналар мен сарбаздардың жарларын бейнелейтін әйел қолдары ұстап тұр. Мұндай көркемдік шешім Ұлы Отан соғысы ешбір отбасын айналып өтпегенін айқын жеткізген. Композиция майдангерлердің бейбітшілік үшін соғысқанын, өз үйі мен Отанын қорғағанын, бейбіт  үшін күрескенін көркем бейнелеген», – деді жоба жетекшісі Кристина БЕКМУРЗАЕВА.

Өшпес ерліктің, өлшеусіз даңқтың, халықтың қажыр-қайратының мерекесінде мәңгілік алау маңында бүгін мүлгіген тыныштық. Әрине, бізге осындай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге деген құрмет-тағзым мәңгі жалғасады.

Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир