|
01.10.2020 | 21:30
9894

Алматыда Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа филиалы ашылды

Госпиталь озық үлгідегі стандарттарға сай әрі барлық заманауи құрылғылармен жабдықталған

Алматыда Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа филиалы ашылды Almaty.tv

Алматыда тағы бір аурухананың құрылысы аяқталды. Шаһардың батыс бөлігінде бой көтерген Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасын бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев арнайы барып көріп қайтты. Госпиталь озық үлгідегі стандарттарға сай әрі барлық заманауи құрылғылармен жабдықталған. Жаңа ғимарат 300 төсек-орынға шақталған. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін жалғастырсын.

Теректі ықшам ауданынан орын тепкен қалалық Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа филиалы небәрі екі айдың ішінде тұрғызылған. Бүгін құрылысы аяқталған нысанмен қала әкімі Бақытжан Сағынтаев арнайы барып танысты. Қала басшысына аурухананың мүмкіндіктері мен жаңа құрылғылары көрсетіліп, науқастарды қабылдауға дайындық барысы пысықталды. Қала әкімі құрылысшылардың арқасында жарты жылда 3 аурухананың салынғанын атап өтті.

«Заманауи жағдайда соғылған ауруханалар салу, медицинаны қаражатпен қатамасыз ету, дәрі-дәрмекпен қамту, дәрігерлердің деңгейін көтеру, білімін арттыру – барлығы біздің халқымызды аман сақтап қалуға бағытталған. Сондықтан еңбектеріңізге рахмет!» – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Модульдік аурухана 300 төсек-орынға арналған. 5 жарым гектардай аумақты алып жатқан ғимаратта 8 бөлімше орналасқан. Оның ішінде палаталары боксталған 2, жартылай боксталған 6 блок бар.

Аурухана жоғары технологиялық «ақылды госпиталь» жүйесімен жабдықталған. Мәселен, реанимациялық палатада жатқан пациенттің қал жағдайын мынадай мониторлар арқылы тәулік бойы бақылап отыруға болады. Одан бөлек барлық палатада медицина қызметкерімен тікелей байланысқа шығу үшін мынадай байланыс құрылғылары орнатылған.

Барлық палата арнайы оттегі аппараттарымен жасақталған. Ал реанимация бөлімшесінде медициналық газдың үш түрі қондырылған. Әр бөлме түрлі инфекциядан тазартылып, желдендіріліп отыратын жүйеге қосылған.

«Ауруханада барлық зарарсыздандыру жүйелері қарастырылған. Демек, ауруханадан шығатын барлық лас су алдымен хлордан өтіп, тұндырылып барып қана қалалық желіге өтеді. Сондай-ақ, аурухана аумағында медициналық қалдықтарды заласыздандыру ғимараты бар. Онда арнайы шреддер қарастырылған. Онда қалдықтардың барлығы ұсақталып, заласыздандырып, В санатынан А санатына ауыстырылады», – деді жобаның бас инженері Тимур Оразбаев.

Науқастарды қабылдау барысы да біржүйелендірілген. Әрбір жаңадан түскен пациент сыртқы бокстар арқылы бөлек енгізіледі.

«Осы жерге инфекциялық патологиямен төрт ауданның балалары жеткізілетін болады. Бұл Әуезов, Алатау, Жетісу және Наурызбай аудандары. Бұл ауруханада 320 қызметкер жұмыс істейтін болдаы. Оның бәрі қазір Балалар ауруханасында тәжірибеден өтіп осы жерге жұмысқа дайындап жатырмыз», – деді қалалық Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин.

«Біз 7 мың төсек-орынға шақталған 32 стационар дайындап қойдық. Біз бұл стационарларды 3 эшелонға бөліп тастадық. Мына бүгінгі ашылған клиника бірінші эшелонға кіреді. Демек, бірінші эшелонға дайындығы жоғары, өз арсеналында толыққанды жабдықталған, реанимациялық бөлімшелері бар стационарлар кіреді. Соңғы 2 айдың ішінде біз 1-эшелонға енетін мыңнан астам төсек орнын аштық. Бұл өте маңызды, өйткені аса ауыр жағдайда түсетін науқастарды осындай клиникаларға жатқызамыз», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Қамалжан Надыров.

Сонымен қатар, түрлі медициналық сараптамалар жасайтын зертхана да бар. Онда коронавирус инфекциясын анықтауға да болады. Жаңа нысан пациенттердің ғана емес, дәрігерлердің ыңғайы мен денсаулығы үшін барынша оңтайландырған.

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир