|
23.11.2018 | 20:05
5263

Қызылша ауруы екпе салдырмағандар арасында кең таралады – дәрігер

Қызылша ауруы екпе салдырмағандар арасында кең таралады – дәрігер

Елімізде қызылша ауруы екпе салдырмағандар арасында кең таралады. Дәрігерлер оның әсіресе, балаларға қауіпті екенін ескертеді. Аталған дерттің алғашқы белгілері жедел респираторлы вирустық инфекцияға ұқсас. Қызылша асқынып кеткен жағдайда салдары қандай? Ауруға қарсы екпе қанша уақытқа жетеді? Осы сұрақтарға жауап алу үшін біз Алматы қалалық Балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ержан СЕРАЛИНДІ сөзге тартқан едік.

– Ержан Болатбекұлы, қызылшаны адам өз бетінше қалай анықтай алады? Қалай жұғады?  

– Бұл қызылша ауруы деген ол жоғарғы жұғу деңгейі өте жоғары вирустық ауру. Ол баладан балаға, адамнан адамға ауамен өте тез тарайды. Қызылша жұққанын қалай білуге болады? Ауру ең алдымен, жалпы интоксикация түрінде басталады. Ол баланың немесе үлкен адамның әлсізденуі, тамақ ішкісі келмеуі және дене қызуының өте жоғары деңгейге жетуі белгілері арқылы білінеді. Дене қызуы 38-39 градусқа дейін жетуі мүмкін. Содан кейін келесі кезең – ауыз қуысының іші қызарып, бөртіп, гиперимия болады. Тамақ жұту да қиындайды. Келесі кезеңде ол қызылша денеге тарала бастайды. Денеде бөрткен пайда болады. Бөрткен ең алдымен мойыннан және беттен басталады. Біртіндеп денеге жұғады, соңында аяқ пен қолға тарайды. Ал қызылша денеге таралып, бөрткеннен кейін дене қызуы азая бастайды. Интоксикация симптомдары да азая бастайды. Содан кейін 3-5 күн аралығында толық жазылып шығады. Ең бастысы, ауырған бала немесе ересек адам ауырып жүрген кезде өзгелермен байланыста болса, сол адамға жұғып кету ықтималдығы жоғары болады. Сондықтан 7-15 күнге дейінгі аралықта оның да дене қызуы көтеріліп, тамағы ауырып, денесіне бөрткендер шықса, медициналық жәрдемге жүгінуі керек.  

– Қызылша асқынған жағдайда қандай салдары болуы мүмкін?

– Қызылша асқынған жағдайда өкпе қабынуы мүмкін. Ауру жұқтырған адам өте көп жөтелсе және жөтелі ұзаққа созылып бара жатса, онда оған тез арада рентген жасату керек және дәрігерлік көмекке жүгінуі қажет. Сондай-ақ, конъюнктивит дейміз ғой, көз қабынуы, тіпті менингитке ұласуы мүмкін. Сондықтан қызылша асқынып бара жатса, науқас тез арада дәрігерге қаралу керек.  

– Қызылшаға қарсы екпе салдырса, ол қаншалықты қорғайды? Оны қалай алуға болады?

– Қызылшаға қарсы екпені бала бір жасқа келгенде міндетті түрде өз емханаларыңызға барып, тегін жасатасыз. Екпе міндетті түрде жасалуы керек. Өйткені, бұл вирус балалар арасында өте тез тарайды. Сондықтан ата-аналарға айтарымыз, бала 1 жасқа толған кезде міндетті түрде бүкіл вакцинаны жасату қажет. Сонымен қатар, ревакцинация, яғни бала 6 жасқа келген кезде, мектепке барар алдында осы қызылшаға қарсы екпе де міндетті түрде жасалуы керек. Ал қызылша екпесінің 3-ші кезеңі – адам 30 жасқа толғанда жасалады. Өйткені, осы уақытта, яғни 6 жастан 30 жасқа дейінгі аралықта қызылшаға қарсы иммунитет әлсіреуі мүмкін. Сондықтан адам 30 жаста жасаса, өмірінің аяғына дейін адам организмінде қызылшаға қарсы жақсы иммунитет сақталады.

– Ержан мырза, жауабыңызға көп рахмет!


Перизат Көмекбайқызы, «Алматы» телеарнасы, Астана


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир