|
17.08.2018 | 19:06
11048

Ұстаздар қағазбастылықтан арылып, қосымша үстемақы алады – министрлік

Ұстаздар қағазбастылықтан арылып, қосымша үстемақы алады – министрлік

Отандық жоғарғы оқу орындарында кейбір мамандықтар жабылады. Дәлірек айтсақ, еңбек нарығында сұранысы жоқ курстар университеттердің білім беру жүйесінен алынып тасталады. Бұл ақпаратты еліміздің бас мұғалімі Ерлан Сағадиев жыл сайынғы педагогтардың Тамыз конференциясында айтты.

Министр мектеп мұғалімдерінің жалақысы мен құжат толтыру міндетіне де тоқталды.

Жылда өткізілетін педагогтардың Тамыз конференциясы әдетте мұғалімдерге қызықты. Әсіресе, жалақы жайы. Білім министрі Ерлан Сағадиев ұстаздық ететіндерге алдымен осы қызықты айлық жайын анықтап берді.

«Барлығыңыз білесіздер, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін 205 мың мұғалімнің жалақысы 30%-ға көбейді. Үстемақының тек қана 18 сағатқа төленетінін біз білеміз. Қазір осы мәселені шешіп жатырмыз. Және биыл педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді. Ол біліктілік санаттары үшін лауазымдық жалақыға 30-дан 50%-ға дейін қосымша үстемақыны қарастырады», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ.

Енді ел ұстаздары бес құжаттан артық толтырса, министрлікке мектеп үстінен шағым бере алады. Қағазбастылықты құртуды жөн керген ведомство әр жағдайды, әр шағымды жіті тексермек.

«Осыған байланысты білім және ғылым министрлігі биыл арнайы бұйрық шығарды. Онда мектеп мұғалімі толтыратын құжаттардың нақты тізімі көрсетілген. Бес құжат – журнал, күнделік, балаларды сумативті-формативті бағалау, күнтізбелік және пәндік жоспар. Болды. Мұғалім тек осы құжаттарды ғана толтыруға міндетті. Басқасына уақыт кетіруге міндетті емес», – деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асxат АЙМАҒАМБЕТОВ.

Жоғарғы оқу орындарының жұмысы да қаперге алынбақ. Енді университет, академия мен институт дәрежесін беру жұмысы қатаң бақыланады. Сондай-ақ, Жоғары оқу орындары лигасы құрылады. Ол білім ордаларының сапасын жоғары деңгейге көтеріп, ректорлардың тиімділігін бағалап, антиплагиат жүйесін реттемек. Тағы бір жаңалық – еңбек нарығында сұранысқа ие емес мамандықтар жойылады.

«Біз білім сапасына баса назар аударамыз. Ал бұл мәселені қалай қадағалаймыз? Біріншіден, жас мамандардың жұмысқа тұру рейтингісі бойынша әрбір жоғары оқу орнының жұмысын бағалаймыз. Егер аталған көрсеткіш төмен болса, онда сол мамандық бойынша лицензияны кері қайтаратын боламыз. Бұл басты көрсеткіш. Себебі, жұмыс нарығында әрбір түлекке сұраныс болуы қажет», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ.

Алматыда бір жастан алты жасқа дейін 60 мың бала түрлі мемлекеттік мекемеде тәрбиелену кезегінде тұр. Осы жағдайдың қалай шешіліп жатқаны да айтылды.

«Қазіргі таңда Алматы қаласында 9 мемлекеттік балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 5-ін іске қосу жоспарланып отыр. Алматы қаласы Қазақстанда ең бірінші болып балаларды кезекке қою және электронды жолдама беру жүйесін енгізді», – деді Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Гүлнәр ХОДЖАБЕРГЕНОВА.

Оқу маусымы басталарда оңтүстік астанада екі мектеп құрылысы бітпек. Бірі Наурызбай ауданындағы 1200 орындық мектеп болса, Алатау ауданында 600 бала су жаңа мектеп табалдырығын аттайды.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир