|
08.01.2018 | 10:00
18424

Алматыда №12-ші бағыттағы автобустар толықтай жаңартылды

 Алматыда №12-ші бағыттағы автобустар толықтай жаңартылды

Алматыда нөмірі 12-ші бағыттағы автобустар толықтай жаңартылды. Қоғамдық көлік әдеттегідей жолаушылар мен туристерді «Қазақстан» қонақ үйінен «Медеу» мұз айдынына дейін тасымалдайды. Бүгіннен бастап жолға шыққан жаңа автобустар  "Оңай" төлем жүйесімен  жұмыс істейді. Биыл қалада көлік реформасы аясында сыйымдылығы әр түрлі 388 автобус сатып алынды. Қазір 195-і халыққа тынбай қызмет етуде. Осылайша әкімдік қоғамдық көліктердің келу жиілігін үдетіп, жолаушылардың көп күтіп қалмаулары үшін қарекет қылып жатыр.

Бұл жолға шығуға асыққан автобус жүргізушісінің айтқаны. Ол ыңғайлы әрі жылы қоғамдық көлікті жолаушыларға көрсетіп,тасымалдауға асық. Тұрғындарды тауға тасымалдайтын осы  12-ші бағыттағы автобустар туристер арасында  сұранысқа ие. Қаланың қақ ортасынан «Медеу» мұз айдынына дейін апарып тастайтын жаңа көліктердің әр қайсысы   50 млн теңге алынған. "Евро-5" экологиялық талабына сай автобусқа бір сәтте 100 адам сияды. Қоғамдық көлікте адам жанына керек желдеткіш пен бейнебақылау камерасы, пандустармен жабдықталған.

«Үш есікті, ұзындығы 12 метр, төмен еденді автобустар Ресейде жасалған. Өндірушілер сапасына бір жарым жыл кепілдеме беріп отыр. Жалпы бұл бағыт туристер арасында танымал. Өйткені, Медеуге дейін көтерілетін автобуста жолақы "Оңай" картасымен 80 теңге. Бұл қалтаға анағұрлым қонымды. Бас-аяғы 12-ші бағыт бойынша 10 автобус жаңартылды. Қазір төртеуі жолаушыларды тасып жүр. Алтауы да артынша жұмысқа кіріседі», - деді  «АлматыЭлектроТранс» ЖШС бас директоры Ризван ЦИНАЕВ.

Аталған бағытты «АлматыЭлектроТранс» жекеменшік мекемесі жаңартты. Автобустардың арқасында уақыт интервалы анағұрлым азаяды. Жүру уақыты жұмыс күндері алты минутқа, ал демалыс күндері екі минутқа жиіліген көліктерді халық көп күтіп тұрмайды.  Бұған дейін тәулігіне 3,5 мыңнан 5 мың аралығында адам тасып келсе, көрсеткіш  енді 30 пайызға көбейеді дейді көлік иелері. Ал бұл бағыттан босаған автобустар Айнабұлақ шағын ауданы мен Абай көшелерінің арасын жалғайытн 120- бағытты күшейту қолданылмақ.

Алматыда автобус паркінің 30 пайызға жаңаруы және бағыттардың ұлғаюы жолаушылар легін арттырған. 2017-ші жылы қалада "Оңай" жүйесі арқылы 220 миллион транзакция жасалса, бұл көрсеткіш 2016-шы жылы 174 миллионды  құраған болатын. Мәселен, жаңартылған нөмірі 70 бағыттағы автобус қазір тәулігіне 4500-ден аса адамды тасып жүрсе, бұрын небәрі 400-ге де жетпейтін жолаушы жүрген екен. Төле би көшесімен жақында ғана жолға шыққан 18 метрлі автобус-гормошка күніне 11 мыңнан аса  жолаушыны қалаған жерлеріне жеткізіп жүр. Бұдан бөлек Алматы облысынан қалаға қосылған елді-мекендердің тұрғындары  үшін  тағы 8 бағыт ашылды.

Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы 

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир