|
24.09.2021 | 19:34
2456

Сәулетшілер Алматының тарихи деректерін назарда ұстауы керек – Тоқтар Ералиев

Өмірін сәулет саласына арнаған тұлғаға Алматының құрметті азаматы атағы берілді

Сәулетшілер Алматының тарихи деректерін назарда ұстауы керек – Тоқтар Ералиев dknews.kz

Уақыт саралаған сәулетші. Қала күні мерекесінде Алматының дамуына үлес қосқаны үшін марапатталған бірегей тұлғалардың бірі – Тоқтар Ералиев. Сәулетші бүкіл ғұмырын осы салаға арнаған. Алматыда оның жобалауымен салынған тарихи нысандар, зәулім ғимараттар, ескерткіштер аз емес, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.  

Тоқтар Ералыұлы – жарты ғасырдан астам өмірін сәулет саласына арнаған талантты тұлға. Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, академик, «Kazgor» жобалау академиясының бірінші вице-президенті әрі бас сәулетшісі. Есімі «Алтын құрмет» кітабына енгізілген. 1970 жылы Политехникалық институттың архитектура факультетін тәмамдағаннан кейін «Kazgor» жобалау академиясына жолдама алып, содан бері 51 жыл осы ұйымда қызмет етіп келеді. Алғаш іске асырған жобасы – Алматыдағы Офицерлер үйі.  

«Бұл есте қалған себебі, біз команда болып эскизін, макетін жасап, облыстық комитетте осы жобаның жетекшісі Асқаровқа көрсеттік. Ол мақұлдағаннан кейін, эскиз, макетті толықтырып Қонаевтың өзіне көрсеттік. Содан кейін жобалау басталды. Құрылысы қарқынды жүргізілді. Бұл ғимарат 3 жылда салынып бітті», – деді ҚР еңбек сіңірген сәулетшісі Тоқтар Ералиев.  

Ал бас сәулетші лауазымында жеке дара Саяси ағарту үйі кешенімен айналысқан. Кейін Мәскеуден атақты «Алатау» шипажайын жобалау туралы тапсырма келіп түседі. Тоқтар Ералыұлы бұл нысанның жобасын әріптесі марқұм Юрий Ратушныймен бірге 3 күнде жасап бітіргенін айтады.

«1983 жылы біз толық жобалауды бастадық. 1986 жылы, яғни 3 жылда нысан салынып бітті. Жобалау мен құрылыс қатар жүрді. Біз сызбасын құрылыс барысында салып беріп отырдық. Жалпы, Алатау шипажайының аумағы керемет, 50 гектар жерде саябақ, орман, бақ бар. Сондықтан бұл жақсы нысан болып шықты», – дейді Тоқтар Ералиев.

Тоқтар Ералыұлының қазіргі жобаларынан Алматыдағы «Нұрлытау» кешенін, Стратегиялық зерттеулер институтын, Ақпараттық технологиялар паркін атап өтуге болады. Алып тұрғын үй кешендері, өнеркәсіптік және әлеуметтік жобалармен де айналысады. Былтыр 7 мектептің жобасын жасап, қазір құрылыстары жүріп жатыр. Абылай хан, Әлия мен Мәншүк, Пушкин, Жамбыл Жабаев ескерткіштері өз алдына бір төбе. Осы ретте Тоқтар Ералыұлы Алматыны тарихи келбетін сақтай отырып дамыту қазіргі сәулетшілердің шеберлігіне байналысты дейді.

«Алматыда, әсіресе орталықта жобалайтын сәулетшілер, бұдан бұрын не істелгенін назарда ұстауы керек. Егер біз тарихи деректерге назар аудармасақ, қателік жіберуіміз мүмкін. Алматының жайлылығы бәріне, әсіресе шетелдіктерге ұнайды. Біз америкалық сәулетшілермен жұмыс істегенбіз, олар Алматының жайлы, үлкен қала екенін айтып, «кішкентай Париж» деп атаған. Сондықтан Алматыны осындай қалпында сақтап қалуымыз керек», – дейді суретші.

Еске салсақ, биыл «Қаланың құрметті азаматы» атағын Тоқтар Ералиевтен бөлек, тағы 4 азамат алды. Олар – Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығының төрайымы Ләззат Қалтаева, музыкатанушы Юрий Аравин және мемлекеттік қызметкер Темірхан Досмұхамбетов.

Айнұр Қапышова, Жасұлан Өмірзақов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир